369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды

  • 161
  • UPD: 22:23, 14.09.2018

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды.

Премьер-министр аймақта Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауы және «Бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылу барысымен танысты. Бақытжан Сағынтаев қоғам өкілдерімен кездесіп, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы қызмет көрсету сапасын арттыру, аймақтың өнеркәсіптік, орта және шағын бизнестің даму мәселелерін талқылады.

Павлодар облысында Премьер-министр Екібастұз қаласындағы «Шығыс» кенішінде болды. Кеніште әлемде бірінші болып көмірді конвейерлік көлікпен алу технологиясы енгізілген. Үкімет басшысы техникалық тізбектің жұмысымен танысты. Бақытжан Сағынтаевқа, сонымен қатар, аймақтың жылу маусымына дайындығы жайында баяндалды.

Премьер-министр білім беруді дамыту мәселелеріне назар аударды. Бақытжан Сағынтаев мектептердің қамқоршылық кеңестер өкілдерімен кездесіп, білім беру сапасын арттыру, оқу құралдарымен қамту, материалдық-техникалық базаны жақсарту, цифрландыру сияқты өзекті мәселелерді талқылады. Кездесуге қатысқандар білім саласындағы өзекті мәселелерді шешу бойынша ұсыныстарын айтты. Нақтырақ айтқанда, бірінші сынып оқушыларын мемлекеттік тілдегі кітаптармен қамту, ҰБТ сертификатының мерзімін арттыру. Білім саласындағы мәселелерді анықтап, оларды шешу жолдары талқыланды.

Бақытжан Сағынтаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» орындау барысымен танысты. Мәселен Павлодар түсті металлургия колледжінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 200 орындық жатақхана ашылды. «Серпін» жобасы бойынша 200 студент кәсіби-техникалық білім алуда. Премьер-министр өнеркәсіптікке қажетті білікті жұмыс кадрларын даярлау мәселелері бойынша жиын өткізді. Шара барысында кәсіби техникалық мамандарды дайындау, қайта оқыту, колледждердің беделін арттыру мәселелері талқыға салынып, сонымен қатар, Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында еңбек нарығының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары қаралды.

Бақытжан Сағынтаев облыстық жедел жәрдем станциясының жұмысымен танысып, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жөнінде тапсырма берді. Қазір емханаларда ақпараттық жүйелер енгізілген, облыс халқының 88%-ы электронды денсаулық төлқұжаттарымен қамтылған. Бақытжан Сағынтаев сала мамандарымен кездесіп, медициналық инфрақұрылымды жаңарту және денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелерін талқылап, дәрі-дәрмек және қызмет бағасының қымбаттауы проблемаларын шешу жолдарын талқылады.

Бақытжан Сағынтаев сондай-ақ аймақтық кәсіпкерлер Палатасының мүшелерімен кездесіп, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелерін пысықтады.

Авторлары: Ақмарал Есіханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Осы категория бойынша: « Елімізде күзгі әскерге шақырту басталды Павлодар облысының өндірістік әлеуеті артып келеді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы