386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбелік жігіт 16 жыл бұрын көз жазып қалған қарындасын тапты

  • 509
  • UPD: 01:19, 19.09.2018

Темір тордың ар жағында отырған 23 жастағы жігіт 16 жыл бұрын көз жазып қалған бауырына іздеу салған.

Ақтөбедегі КА-168/2 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Анатолийге қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері көмектесіп, қарындасын тауып берді. 

Анатолий мен Евгения Алға қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген. Ата-аналық құқығынан айырылған әкелері естерінде жоқ. Аналары өмірден озған. Толяны 7-8 жасында басқа интернатқа ауыстырып, қарындасынан көз жазып қалады. Ер жеткеннен кейін іздеуді бастайды. Алайда жаза басып, қылмыс жасап, темір тордың ар жағынан бір шығады. Ұрлықпен ұсталған жігіт 2 айдан бері жазасын өтеп жатыр.

Анатолий Гекк, жазасын өтеуші:

- Өте қуаныштымын. Арада 15-16 жыл өтіпті. Ендігі арманым түрмеден шыққан соң, жұмыс істеп, отбасын құру. Қарындасымды қасыма алып, қамқор болғым келеді. Оған менің қолдауым қажет. 

18 жастағы Евгения жастардың «Мейірім» әлеуметтік үйінде тұрып жатыр. Бұрын патронаттық отбасында тәрбиеленіпті. Ағасын тапқанына қуанып жүр. Анатолиймен аралары алыстағанда ол небәрі 2 жаста болған. Енді «түрмеге келіп, ағамның қал-жағдайын біліп тұрамын» дейді. Жалпы бұл мекемеде 600 адам жазасын өтеп жатыр. Көбі ұрлық-қарлық үшін отыр.

Евгения Бацынюк, Анатолийдің қарындасы:

- Мен енді ағама келіп тұрамын. Себебі оның менен басқа ешкімі жоқ. Барымша қолдау көрсетемін. Жазасын өтеп шыққанан кейін дұрыс жолмен жүргенін қалаймын.

Бауырлардың табысуына қылмыстық-атқару мекемесінің инспекторы Тимур Ешмұхамбетов себепкер болыпты. Жетім өскен балалардың ауыр тағдырын естіп, бей-жай қала алмаған. Жан-жаққа сұрау салып, ақыры Евгенияны тауыпты.

Тимур Ешмұхамбетов, №168/2 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің еңбек жөніндегі инспекторы:

- Жергілікті атқару органдарына сұраныс жібердік. Сол жердегі мамандар бізге қажетті ақпаратты берді. Анықтама қызметі арқылы телефон нөмерін таптық. Сөйтіп, ағайындылар табысты. Енді Анатолийде бір мақсат пайда болды. Қарындасына қамқор болғысы келеді.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы