384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қазақфильмнің» болашағы не болмақ?

  • 507
  • UPD: 20:38, 19.09.2018

Мәжілісте Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Қазақфильмнің» келешегі үшін шыр-пыр болып жүргенін жеткізді.

Оның айтуынша, киномыздың «қарашаңырағын» мемлекеттің меншігінде сақтап қалудың бір-ақ жолы бар.

«Қазақфильм» жекешелендіріледі» деген ақпарат алғаш 2014 жылдың наурыз айында тарады. Жекеге компанияның 49 пайыз акциясын сатып, қалған 51 пайызы мемлекеттің меншігінде қалады деген жоспар болған. Содан бері 4 жыл өтті. Еш дерек жоқ. Шәкен Айманов атындағы қарашаңырақ сатылмайды деген нақты шешім де әлі қабылданған жоқ.

Айнұр Исаева, «Қазақфильм киностудиясы баспасөз қызметінің жетекшісі:

– «Қазақфильм» киностудиясының ұжымы Орталық Азиядағы ең үлкен киностудияның мемлекеттің қолдауында қалуын сұрайды, талап етеді. Өйткені бұл – идеологияға жұмыс істейтін үлкен мекеме. Мұндай үлкен киностудия жеке бір кісілердің қолына өтетін жағдайда өз қалауындағы іс-шараларды атқаратын болады, ешқандай да ұлттық кино, ұлттық киноөнері, қазақ киносына үлесі тимей қалады ма деген қауіп бар.

Тек қарашаңырақтағылар емес, киномыздың келешегі үшін министр де алаң. Тіпті терең күрсініп алып, Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Қазақфильм» үшін жанымды салам», – деді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Шыны керек, «Қазақфильмнің» жекеменшікке кетпеуі үшін жанымды салып жүрген азаматтың бірі – менмін. «Қазақфильм» – біздің ұлттық намысымыз. «Қазақфильмнің тарихы бар. Өз орны бар. Қазір барлық жағдайларды, мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз, «Қазақфильмді» мемлекеттік тұрғыда сақтап қалуымыз керек.

«Енді бұған не кедергі? Сақтап қалмай ма?», – дейсіз ғой. Сөйтсек, бұл тек Мәдениет министрлігінің құзырында емес екен. «Жекешелендіру» саясатын жоспарлы түрде жүзеге асыруға кіріскен Ұлттық экономика мен Қаржы министрліктері «Қазақфильмді» жекеге сатуға мүдделі.

«Қазақфильмді» сатпау үшін не істеу қажет? Үнемі ел назарында жүретін министр бүгін елдік маңыздағы мәселеге жауап берді. Оның айтуынша қарашаңырақ орналасқан жерді «еркін экономикалық аумаққа» кіргізу қажет.

Ұсыныс сиырқұйымшақтанбай, жүзеге асып кетсе игі. «Қазақфильмнің» тағдыры үшін алаңдамас едік. Себебі қарашаңырақ мемлекеттің меншігінде қалса, туындылары да сапасыз болмайды. Ал жекеге өтсе, экранымыз «былғанбасына» кім кепіл? Қазірдің өзінде отандық кейбір фильмдерге көңіл сүйсіне қоймайды. Сайқымазақ туындылардан «рухани жаңғырмасымыз» ақиқат. Жүгенсіз кеткен кино түсіргіштерге заң жүзінде талап қою керек пе дерсіз.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары:

– Арасында естісі бар, есері бар, ұлттық киномыздың салмағын бағамдайық. Министрліктің дерегінше, прокаттағы фильмдеріміздің үлесі 4 жылда екі есеге өскен. Бұл тек кино ғана. Ал балаларға көрсетеріміздің ахуалы нешік? Тағы да сын. Себебі біздегі анимация ақсап тұр. Мәдениет министрлігінің тапсырмасымен соңғы үш жылда көрермен назарына тек 4 анимациялық картина ұсынылыпты. Сондықтан алдағы уақытта «Қазақ анимация» аталатын мемлекеттік компания құрылмақ.

«Осылайша, экранымызды түзеп, киноөндірісті көтереміз дейді», – министр Мұхамедиұлы.

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы