383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Біздің туризм: төрттағандай ма, тік тұра ма?

  • 529
  • UPD: 10:34, 24.09.2018

Кез келген мемлекет туризмды дамытуға мүдделі.

Ел экономикасына әкелер пайдасы мол ғой. Аталған сала кейбір елдерде, тіпті, табыс көзі іспеттес. Мәселен, Парижді алайық. Франция астанасын көруге келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Демек экономиканы да өрге тартып келеді ғой. Ал бізде ше? Ішкі туризмнің қанат жайып кетуіне не кедергі? Бүгін Үкімет сағатында талқыланатын негізгі мәселенің бірі осы болар.

Елдің табиғатымен, салт-дәстүрімен етене танысуға келген құдайы қонақты қазақ құт санаған. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген де осыдан қалса керек. Ұлттық қонақжайлылықты отандық туризмнің іргетасына айналдыруға бола ма? Шілде айында Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ішкі туризмді дамыту мәселесін қозғап, бірінші кезекте Бурабайдың инфрақұрылымына тоқталған болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бурабайдың ішінде ең бірінші жасайтын мәселе – ішкі инфрақұрылымын бітіру. Жол. Себебі, сыртқыны аяқтадық. Дайындық жүргіздік, бұған келу үшін дайындық керек еді. Үлкен жол салынды Астанадан Бурабайға қарай. Автожол, теміржол салынды. Көкшетаудың әуежайы жөнделді. Жолдың барлығы ішіне келді. Енді инфрақұрылымды енгізу керек. Егер де нысандарға су әкелетін болсақ, электр жүйесін алып келетін болсақ, жылу, канализация әкелетін болсақ, мемлекеттің туризмге істейтіні сол болады. Оны мемлекеттен басқа ешкім салмайды. Сонда инвесторлардың келуіне мүмкіншілік жасалады.

Үміттен сенім басым. Алайда шынтуайтына келгенде сенімді сейілтер бірқатар кедергіні де жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе кей демалыс орындарында инфрақұрылымның жетіспеушілігі, тозығы жеткен жолдар, қызмет көрсету сапасының төмендігі, жоғары баға, баяу интернет немесе тегін Wi-Fi-дiң болмауы сынды мәселелер бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз осы уақытқа дейін туризмге тиісті көңіл бөлмей келдік, әр нәрсенің өзінің уақыты бар. Экономиканың жағдайы оған мүмкіншілік берген жоқ. Сондықтан қазір біз бұған жақындадық. Мүмкіндігі бар қазақстандықтар дүние жүзінің барлық курорттарына барып бітті. Теңіздеріне түсті, суына шомылды, барлығын көрді. Менің білуімше, мен де соның ішіндемін, барлығымыздың қазіргі ойымыз елдің ішінде демалыс жасау. Балаларымызға Қазақстанды көрсету. Қаншалықты еліміздің әдемі екенін білдіру.

Туристер жиі қатынайтын өңірлердің көш басында Ақмола, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары тұр. Аталған өңірлерге барған келушілер саны өткен жылы жарты миллионның ар жақ, бер жағын құраған.

2015 жылы ел ішінде демалуды жөн көрген азаматтар саны небәрі миллионға жуықтаса, соңғы 3 жыл ішінде жергілікті демалушылар саны шамамен 4 млн 400 мың адамға жеткен. Яғни баяу да болса өсім бар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы