386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да шалғай ауылдар газбен қамтылады

  • 636
  • UPD: 14:15, 24.09.2018

Батыс Қазақстан облысы елді мекендерді газдандыру көрсеткіші бойынша республикада көш бастап тұр.

Аймақ тұрғындарының көгілдір отынмен қамтылуы қазірдің өзінде 94 пайызға жетті. Жыл соңына дейін 264 шақырым газ құбыры тартылып, 10 мыңдай тұрғынға жылу беріледі.

Небары 34 ақ түтіні бар Өнеге ауылының қуанышқа кенелер күні таяу. Өйткені шағын елді мекендегі әр үйге газ тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ауылда бастауыш мектеп пен фельдшерлік пункт жұмыс істейді. Ұқыпты жиналған мектеп кітапханасында шалғай ауыл шәкірттеріне керектің бәрі бар. Оқушыларды ыстық тамақпен қамту мақсатында шағын асхана да жұмыс істеп тұр. Сақыш апай осы ауылдың байырғы тұрғыны. «Қи жағудың қияметі енді біз үшін артта қалады. Бұйыртса, алдағы қыста үйімізді көгілдір отымнен жылытатын боламыз», – дейді қария.      

Сақыш Татранова, Өнеге ауылының тұрғыны:

- Өнегеміз өркендеп жатыр, Өнегеміз әуелден де жақсы еді, оның үстіне жақсарып жатыр. Тағы бір айтарым, су келіп жатыр. Арнаның шаруашылықтарына да мың да бір рақмет, осы 10 жылдан бері арнамыз судан айыққан жоқ.

Өнегеліктердің қуанатын жөні бар. Өйткені Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты Құрсай мен Көлтабанға газ бұдан бірнеше жыл бұрын жеткен еді. Осы ауылдың газға қосылуымен бірге Жәнібек ауданы 100 пайыз көгілдір отынмен қамтылмақ. Ауыл ішіне газ құбырын жүргізу жұмыстарына негізінен жергілікті тұрғындар тартылған.      

Бекзат Жангелдин, мердігер кәсіпорынның шебері:

- Тамыз айында бастадық, берілген уақыты – үш ай. Соны уақытынан бұрын бітіруге тырысып жатырмыз. Бір ай көлемінде бітіреміз деген жоспар бар, қазан айында. Өнеге ауылынан 5 кісіні жұмысқа тартып жатырмыз осы.

Жыл соңына дейін Бөкейорда, Ақжайық және Зеленов аудандарына қарасты 23 елді мекен газға қосылады. Қазір құрылыс жұмыстары басталып кетті. Тағы 15 ауылды газдандыру жобасын жүзеге асыруға 100 миллион теңгеден астам қаржы бағытталған. 

Тілек Кереев, облыстық ТКШ және энергетика басқармасының бас маманы:

- 2018 жылға келетін болсақ, бюджеттен 1,6 миллиард теңге қаражат бөлініп, аталған қаражатқа 264 шақырым газ құбырын салып, 9,7 мың тұрғыны бар 24 елді мекенге газ құбырын тарту жоспарлануда.

Жоспарланған жұмыстар аяқталған кезде өңірдің газбен қамтылу көрсеткіші 95 пайыздан аспақ. Облыс аумағындағы елді мекендерді ауызсумен қамту және жол салу бағытындағы жұмыстар да басым бағыттардың қатарында.     

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы