387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық дәрігерлер дертті емдеудің тың тәсілін тапты

  • 853
  • UPD: 14:16, 24.09.2018

Ол медицинада профилактикалық және қалыпқа келтіру бағытындағы жаңа әдіс болып саналады.

Ем түріне қазақтың дәстүрлі емі мен батыс елінің медицинасы біріктірілген. Ақхалаттылар бүгінде осы виталогия тәсілімен қазақстандықтарды ғана емес, шетелдік науқастарды да ауруынан құлан таза айықтырып жүр.

Нерв жүйесіндегі дертке дауа болатын емнің жаңа әдісін жоғары санатты дәрігер Мұрат Сыздықов пен алматылық әріптесі Дмитрий Пархачев 20 жыл зерттеген. Ақыры үздік тәсілдердің оңтайлы тұстарын біріктіріп, бір ем түрін ойлап тапты. Яғни мұнда остеопатия, қолмен немесе инемен емдеудің әдістері алынған. Алайда ең негізі қазақтың халық емдерінен екен.

Мұрат Сыздықов, рефлексті терапияның жоғары санатты дәрігері:

- Өзіміздің сынықшы, бақсы сынды халық емдерімізді негізге алдық. Әйелдерді тұрғызып босандыру әдісін сынадық. Нәтижесінде нәресте мойнының зақымдануы 70 пайызға дейін азайды. Одан кейін бесікке бөлеу. Баланы мықтап бөлеген кезде гормондық өсім тұрақталып, нерв жүйесі реттеледі. 3-4 жаста атқа отырғызу. Осы кезде жамбас сүйектері мықтап орнығып, еттері қатаяды. Сондықтан ата-бабамыздың байырғы дәстүрін қайта жаңғыртып, тәжірибелерін тиімді пайдалануымыз керек.

Емдеудің тың тәсілін жергілікті жұрттан бөлек алыс-жақын шетелдіктер де мойындаған. Омыртқаның қисаюы, бас ауыруы және бүлдіршін тілінің кеш шығуы мен дамуының тежелуіне байланысты виталогия мамандарына жүгінгендер жетерлік.

Мұрат Сыздықов, рефлексті терапияның жоғары санатты дәрігері:

- Міндетіміз – алғашқы қолайсыздықтар мен жарақаттарды анықтау. Олар не эмбриондық, не басқа ауытқушылықтар болуы мүмкін. Одан кейін тұрмыстық жарақаттар бар. Бірақ адам денесімен жұмыс істеудегі басты міндет – сүйектерді қалыпқа келтіру. Яғни мойын, жамбас, бел омыртақалар түзу болуы тиіс.

Ерболат Тналин қолмен емдейтін массажист болған. Кейін емдік жаттығу кеңесшісі қызметін атқарыпты. Ақыры витанологияға тұрақтады. Күн сайын емдік тәсілдерді өзіне және әйелі мен баласына қолданады. Айтуынша, бұл адамның физикалық жағдайымен қоса психологиясын да жақсартады.

Ерболат Тналин, виталогиямен емдеуші дәрігері:

- Келушілердің арасында еңбектеген бала да, еңкейген қарттар да бар. Емнің ерекшелігі, кез келген аурудың алдын алады. Бір жеріңіз сыздаса, ертерек келіп, емін жасап, жайбарақат өмір сүруіңізге болады. Науқастардың бәріне күнделікті өмірде қолдануға болатын әдістерді үйретеміз.

Астаналық виталогия дәрігерлері науқастарды емдеуден бөлек қайырымдылық шараларымен де жиі айналысады. Олар кейде ем ақысын төлеуге қаржысы жетпегендерді адал алғысы үшін тегін де емдейді.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев, Марал Аманжолова, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы