389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР ІІМ: Елімізде ауыр қылмыстардың дені мас күйде жасалады

  • 899
  • UPD: 22:37, 25.09.2018

Ел шінде отбасылық және тұрмыстық қылмыс 46 процентке артқан, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.

Сосын ұялы телефон мен автобөлшектер ұрлау тыйылмай тұр. Ал ауыр қылмыстардың дені мас күйде жасалады екен.

Бұл мәліметтерді бүгін Үкіметте Ішкі істер министрі жариялады. Қоғамдық қауіпсіздік шаралары жөнінде есеп берген Қалмұханбет Қасымов жергілікті полиция құрылымында біраз түйткіл барын мойындады.

Елімізде медициналық айықтырғыш және маскүнемдіктен емдеу орталықтары жетіспейді. Өткен жылы осы ұйымдардың көмегіне 5 мың 300 адам жүгінген. Ауыр қылмыстың 60-70 пайызы ащы суға құмарлардың кесірінен тұрмыстық жағдайда белең алған. Мәселен, бүгінде 70 мың адам маскүнем ретінде тіркеуде тұр. Министр бұл мәселені шешу үшін мамандандырылған инспекторлардың санын арттырып, полиция пункттерін көптеп ашу қажет деп санайды. 

Қалмұханбет Қасымов өзіне тиесілі сала қаржыдан тапшылық көріп отырмағанын айтты. Десе де жүктелген міндеттің орындалмай жатқандығын да жоққа шығармады.

Қалмұханбет Қасымов ҚР Ішкі істер министрі:

- 2016-2017 жылдары жергілікті полицияны жабдықтауға 6,5 млрд теңге бөлінген. Сонымен бірге Мемлекет басшысының жеке видеорегистратормен жабдықтау мәселесі әлі де толық орындалмағанын атап өтуіме тура келеді.

Ішкі істер министрі бірінші кезекте құқық бұзушылықтың алдын алу үшін жергілікті органдар, қоғамдық құрылымдар мен тұрғындарды осы іске жұмылдыру керек деп деп есептейді. Ал жасөспірімдер жасаған қылмыс тіптен көңілге қаяу түсіреді.

Мәселен, графика жыл басынан бері балалардың қатысуымен 2 мыңға жуық қылмыс жасалған. Оның 13-і кісі өлімімен аяқталған. Қазір полицияда 10 мыңнан астам бала бақылауда тұр. Қылмыс жасағандарды арнайы мектепке оқыту мәселесі де өзекті күйде қалып отыр. Ведомство басшысы «осы жайттарды ретке келтіру мектеп инсекторларына байланысты», – дейді. 

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Қазіргі таңда мектептерде 2178 инспектор қызмет көрсетуде. Олар күнделікті мектептердің әкімшілігімен, ата-аналар комиттерімен жұмыс істейді. Қосымша тағы 1900-ден астам қызметкер қажет. Оларды әрбір мектепке енгізбей біз қылмысты, нашақорлықты жоя алмаймыз.

Ал қоғамдық тәртіпті сақтауда бейнебақылау жүйесінің айтарлықтай рөл атқарып жатқандығы аталды. Жол қауіпсіздігін айтар болсақ, бұл бағытта жол қозғалысы ережесін бұзғанды жазып алатын автоматты жүйелерді белсенді түрде енгізу қажет. Жыл басынан бері жол апатынан 1251 адам қаза тапқан. Жол ережесін бұзғандар әсте жазасыз қалмайды.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Барлық жол оқиғаларының 70 пайызы жүргізушілердің жол оқиғасын бұзуынан болады. Тек осы жыл басынан бері 2,2 млн жол ережесін бұзу фактісі тіркелді. Оның көбі фотофиксациямен анықталды. 18500 мас жүргізуші ұсталды. 26 мыңнан астам жүргізуші куәлігінен айырылды.

Ішкі істер министрі осы жылдың шілдесінен бастап саланың қызметін жетілдіруге қабылданған заң бірқатар қордаланған мәсені шешеді деген сенімде. Оған сай енді бір айдың ішінде Ішкі істер департаменттері Полиция департаменттері болып өзгереді. Жергілікті полиция қызметі бұрынғы міндеттері мен құрылымдық бөлімше құқығын сақтайды. Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жергілікті билік пен жергілікті полицияның байланысын арттыру көзделіп отыр.

Авторы: Қарлығаш Қайыпбекова

Хабар 24 телеарнасы