384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жергілікті БАҚ-тың жай-күйі қалай?

  • 650
  • UPD: 11:39, 26.09.2018

Елімізде БАҚ-тың электронды нұсқасына қызығушылық артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасының тілшісі.

Ақпараттық технологияның дамыған заманында ғаламтор пайдаланушыларының сұранысы басым. «Бұл заңды құбылыс», – дейді сала мамандары. «Солтүстік Қазақстан» газеті – қара шаңырақ. Ғасырлық басылымда Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов секілді арыстар еңбек еткен. Олардың ізін бүгінгі ұрпақ жалғастырып келеді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, twitter@91Aidarbek:

– «Солтүстік Қазақстан» латын әліпбиіне көшкен алғашқы газеттердің бірі. Қазір оның атауы, айдар аттарымен бірге, әр санында осы қаріппен бір мақаладан шығып тұрады.

Газет оқырманның қолына аптасына 3 рет тиеді. Таралымы – 8 мың. Басылымның электрондық нұсқасы жетілдірілді. Қоғаммен байланыс орнату үшін арнайы айдар ашылды. Тілшілер шалғай елді мекендерге де шығып, өзекті мәселелерді көтереді.

Жарасбай Сүлейменов, «Soltustik Qazaqstan» газетінің директоры:

– Газеттің сақталуы ең алдымен шығармашылық ұжымға байланысты. Біз қазір осы мақсатпен газетіміздің мазмұнын жақсарту, жақсы материалдар беру, қоғамда болып жатқан оң өзгерістерді көрсетумен бірге түйінді мәселелерді де оқырмандарға жеткізіп, түсіндіру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Жаңа беттер енгізе бастадық.

Заман ағымына сай телевизия саласы да даму үстінде. «Бірінші Қарағанды» – жас арналардың бірі. «Көрерменнің көңілінен шығу оңай емес. Сондықтан көксандықты сапалы бағдарламалармен толтыруға тырысамыз», – дейді ұжымдағылар.

Алмас Мұсабеков, «Бірінші Қарағанды» телеарнасының бас редакторы:

– Бүгінде біздің басты мақсат – ғаламтордағы бағдарламаларды жасау, яғни өңірлік БАҚ, әсіресе телеарналардағы үлкен мәселе – жеке контент жасау. Ол өте күрделі мәселе. Дәстүрлі жаңалықтар, ток-шоулар жалғасын тауып келе жатыр. Сонымен қатар жастар аудиториясына арналған әлеуметтік желілерге таратуға ыңғайлы көптеген бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз.

Газет болсын, телеарна болсын адамдардың ақпаратпен сусындайтын бұлағы. Сондықтан БАҚ-тың тәрбиелік рөлі орасан зор.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Айнұр Әбдиева, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы