389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы Зырян ауданына өзге өңірлерден 20 отбасы көшіп келмек

  • 434
  • UPD: 10:50, 28.09.2018

Шығыс Қазақстан биыл өзге өңірлерден мемлекеттік бағдарлама бойынша 300 отбасын қабылдауға әзір.

Осының ішінде 20 отбасы Зырян ауданына көшіп келмек. Қазірдің өзінде аталған аймаққа 11 отбасы қоныстанып үлгерді. Бұл өңіраралық көші-қонның басты мақсаты – тапшы мамандардың орнын толтырып, есесіне елдегі жұмыссыздар санын азайту. Айта кету керек, бүгінгі күні облыста дәрігер, тәрбиеші, мұғалім сынды кадрлар тапшы.

Түркістан облысы Түлкібас ауданының тумасы Гүлнар Нуруллаева елімізде Зырян атты қаланы білмегенін айтады. Жұмыс іздеп жүріп, еңбекпен қамту бағдарламасына ілігіп, өзіне беймәлім шаһардан бір-ақ шыққан. Көшіп келгеніне өкінбейді. Қазір жанына жақын жұмысын істеп жүр.

Гүлнар Нуруллаева балабақша тәрбиешісі:

– Жұмыс табылған соң, қарап отырмадық. Балаларымыз ер жетіп кеткен. Қала маған ұнады, тіпті бұл жердегі мемлекеттік мекемелердің жұмыс тәртібі де көңілімнен шықты. Көбісі өзге аймаққа көшкен қиын деп жатады, бірақ мен сол қиындықты мүлдем сезінбедім.

Шымкенттен келген Гүлжамал қазір «Бастау бизнес» жобасымен кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренуге кіріскен. Тіпті шағын дәмханасын ашып, ісін бастап та кетті. Енді «Еңбек» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алуға ниетті.

Гүлжамал Пернебаева, кәсіпкер:

– Өзіміздің елде болғандықтан, аса қиын соққан жоқ, осы жерді жалға алып, жұмыс істеп жаттырмын. Кәсіпкерлік палатасынан көмек болды. Көшіп келгенде, ақша аударылып, оған үй алдым.

Қоныс аударушыларға жұмыспен қамту бағдарламасы тарапынан көші-қон шығыны өтеліп, олардың баспаналы болуына, шаруашылық үшін жер телімін жалға алуына қолдау жасалады.

Берікжан Бекбосынов, Зырян ауданы «Жұмыспен қамту орталығының» директоры:

– Түркістан облысынан 6 отбасын, Жамбыл облысынан 3, Алматы облысынан 1 және Маңғыстау облысынан 1 отбасын қоныстандырдық. Олардың барлығын жұмысқа орналастырып, бала-шағаларының мектепке қабылдануына да көмектестік. Әрине, өзге жер болғандықтан, ол кісілердің үйренісіп кетуі үшін психологиялық көмек те көрсетілді.

Өзге өңірлерден көшіп келген отбасылар Риддер, Глубокое, Шемонайха сынды аудандарға да қоныстанатын болады. Осылайша, шалғай ауылдардағы маман тапшылығын жою көзделіп отыр.

Авторлары: Э.Ахметова, А.Төлепов

Хабар 24 телеарнасы