388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЖОО-лардың 10 мың түлегі алған мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды

  • 746
  • UPD: 22:05, 28.09.2018

Бүгін Мәжіліс қабырғасында өткен парламенттік тыңдаулар аясында халықты жұмыспен қамту мәселесі қызу талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасының тілшісі.

Депутаттар, Үкімет мүшелері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен сарапшылар еңбек нарығындағы басты түйткілдерді шешу жолдарын іздеді.

Қазір елімізде 8 миллион 6 жүз мың адам жұмыс істейді. Олардың 2 миллионы өзін-өзі қамтығандар болса, 1 миллионнан астамы жалдамалы жұмысшылар.

Жыл сайын елімізде халық саны артып келе жатыр. Сондықтан да жұмыспен қамту өте өзекті әрі өткір мәселелердің бірі. 

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Бүгінгі күні жұмысқа деген сұраныс өте жоғары. Сол үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің әрбір тапсырмасында жаңа кәсіпорындарды ашып, жұмыс орындарын көбейту туралы нақты міндеттер қойып отыр. Оларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету – біздің Парламенттің негізгі мақсаты.

Еңбек нарығындағы трендтер күн сайын өзгеріп келе жатқандығын көз көріп отыр. Өкінішке қарай, жоғары оқу орындары оған сәйкес қажетті маман даярлауды үлгермей жатса керек.

Бүгінгі таңда білім беру мекемелерінің жүргізіп жатқан жұмысы көңіл көншітпейді. Яғни еңбек нарығын кәсіби мамандармен қамтамасыз ете алмайды. Бұл кадрлық талдау дұрыс жүргізілмейтінін аңғартады. Салдарынан білім ордаларының түлектерінің көбі жұмыссыз қалып, кейін қайта оқуға мәжбүр.

Мұндай олқылыққа жол бермеу үшін депутаттар ең алдымен еңбек нарығындағы сұранысты терең зерттеу қажет дейді. Яғни енді білім беру мекемелерімен тығыз жұмыс жүргізілмек.

Дамир Шыныбеков, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры:

- Нарыққа кім керек, соларды дайындап жатырмыз. Жалпы, нарықтың сұранысы қанағаттанады ма, жоқ па, сол бойынша рейтинг жасау керек. Сонда жұмыс та табылады.

Бүкіл елде жаппай цифрландыру процесі жүріп жатыр. Болашақта көптеген салада адам еңбегін техника алмастыратыны айтпаса да түсінікті. Нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін адамдар қайта дәріс алып, мамандығын ауыстыруға мүдделі. 

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Алдағы уақытта 100 кәсіпорын техникалық тұрғыдан жаңғыртылады. Цифрландыру үрдісі жүріп жатыр. Әрине, жұмыс орындары босатылады. Мамандарға қойылатын талап күшейеді. Біз 500 ірі кәсіпорынмен бірлесіп жол карталарын әзірледік. Жүргізген есеп нәтижесінде 5 жыл ішінде 5 мың адам жұмысынан босатылатынын білдік. Бірақ біз оларды қайта оқытуға жіберіп, жаңа жұмысқа орналастырамыз.

Бүгінгі жиын барысында депутаттар жалпы елде жұмыспен қамту бағдарламасының жүзеге асуын сынға алды. «Мәселен, мамандарды қайта даярлау кезінде қыруар қаржы орынсыз жұмсалып, салдарынан олардың тек 60 пайызы ғана екі қолға бір күрек табады», – дейді халық қалаулылары.

Бақытгүл Хаменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қабылданған бағдарламалардың өңірде жүзеге асуы көңілден шығар емес. 8 жыл бұрын бөлінген қаражаттың әлі де болса өңірлерде өз мақсат-міндеттеріне жеткен емес.

Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы жүзеге асырылды. Оның арқасында жергілікті коммуналдық мәселелер өз шешімін тапты. Бірақ ең өзекті экономикалық түйтікілдер әлі күнге дейін шешілмеді. Бұл қалалардағы халықты жұмыспен қамту үшін не істеу керек?

Болашақта Үкімет шағын қалалардың тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесін түпкілікті қолға алмақ.

Ерболат Досаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Шағын қалалардың инфрақұрылымын дамытуда жетістіктеріміз аз емес. Бірақ жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша қойылған кейбір мақсат-міндеттерімізге қол жеткізбегенімізді мойындауымыз керек. Қазір үкімет әрбір шағын қала бойынша тиісті жоспар құрып жатыр.

Сондай-ақ бүгінгі кездесуде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдарды рәсімдеу түйткілі де назардан тыс қалмады.

Хулио Ревийя, Дүниежүзілік банкінің Орталық Азиядағы жетекші экономисі:

- Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған халық саны көп. Шамамен отыз пайызды құрайды. Мәселен, Оңтүстік Кореяда бұл көрсеткіш жиырма пайызға тең. Неліктен мұндай жағдай қалыптасты? Оның себебі өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың экономикамен байланысты болмауында. Салдарынан экономиканың кейбір секторларында өндірістік көрсеткіштер төмен болып тұр.

Айта кетейік, қазір елде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың саны 2 миллионнан асты.

Авторлары: Дариға Ташенова, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы