389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Солтүстік Қазақстан облысына биыл 690 отбасы қоныс аударады

  • 1290
  • UPD: 10:38, 29.09.2018

Елімізде тығыз орналасқан аймақтардан тұрғындары жұмыс күші аз өңірлерге көшіру жұмыстары қарқын алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып отыр. Тек үстіміздегі жылы Солтүстік Қазақстанға Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарынан 690 отбасы қоныс аударады деп жоспарланып отыр. Бұл жылдағы көрсеткіштен 4 есе көп. Дегенмен де, өңірге әлі де мыңға жуық маман жетіспейді.

Бұрындары Аққайың ауданының тұрғындары дерматолог дәрігерге қаралу үшін сенбіні тосатын еді. Өйткені маман аптасына бір рет қаладан келетұғын. Құлдашевтар отбасы қоныс аударғалы бұл мәселе түбегейлі шешілді. Қазір науқастарды Гүлчехра өзі қарайды.

Гүлчехра Құлдашева, дерматовенеролог дәрігер:

- Біріншіден, айлық аз болған. Екіншіден, мен жұмысқа тұра алмадым. Қазір Шымкентте жұмысқа тұру өте қиын. Біз жұмыс істейміз деп сеніп бардық қой. Балалар кішкентай, әзірге аяққа тұруымыз керек.

Бүгінде Құлдашевтар әулетінің оңтүстіктен жүгін теңдеп артып, солтүстікке көшіп келгендеріне жарты жылдан асты. Екі баласы мектепке, ал кішкентайы балабақшамен қамтылды. Отағасы да ауруханаға жұмысқа орналасты. Ақ халатты абзал жандарға көтермеақы мен үй берілді.

Ергеш Құлдашев, анестезиолог дәрігер:

- Кішкене қорқыныш болды бір ай. Содан бір айдан кейін үйреніп, осы ауа райына, климатқа үйреніп ары қарай жақсы істеп кеттім. Енді әкімдіктіктен тағы бір жер берейін деп жатыр.

Айта кеткен жөн, бүгінгі күнге дейін Аққайың ауданына көшіп-қону бағдарламасы бойынша 32 отбасы қоныс аударды. Жыл соңына дейін тағы үшеуі келеді деп күтілуде.

Қанат Садықов, Аққайың аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы:

- Қазір мұғалім жетіспейді бізге. Бірақ көбі бізде орыс тіліндегі мектептер. Сондықтан сол оңтүстік жақта орыс тілді мұғалімдерді табу қиын. Енді іздеп жатырмыз, біз жаққа шақырып жатырмыз. Механизаторлар керек, шопырлар керек, ЖШС-ларда көп вакансиялар бар.

Оңтүстіктен солтүстікке қарай ағайынның көші 2016 жылы басталды. Аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Яғни 2021 жылға дейін өңірде қоныс аударушыларға деп үш мың тұрғын үй салынатын болады.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы