386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысындағы мақта терімі жұмыстарына оң баға берді

  • 1145
  • UPD: 23:18, 01.10.2018

Биыл Мақтаарал мен жетісайлық диқандар су тапшылығын сезінген жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оған Елбасының Тәжікстан президентімен сөйлесіп, осы өңірге қосымша су бергізуі себеп. Бұл туралы бүгін Түркістан облысына сапарлап, мақта терімімен танысқан Премьер-Министрдің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев айтты.

Өмірзақ Шөкеев алдымен Жетісай ауданы Ералиев ауылдық округіндегі шаруа қожалығында болып, мақта теру жұмыстарымен танысты. Шаруашылық биыл 497 гектар жерге мақта, жүгері, бақша дақылдары мен жоңышқа еккен. Биыл шаруалар мақта терім науқаны ойдағыдай өтіп жатқанын жеткізді. Мемлекет тарапынан қолға алынған жұмыстар нәтижесінде су тапшылығы байқалмаған. Оның сырын Ауыл шаруашылығы министрінің өзі түсіндірді. 

Өмірзақ Шөкеев, ҚР Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі:

- Биыл осы аймақтың диқандарынан су тапшылығы байқалып жатыр деген шағым түскен соң Елбасы Тәжікстан Президентімен сөйлесіп, мен сол жерге барғанмын. Қырғыздар құрылыс жасап Тоқтоғұлды жапты, сол кезде Қайраңқұмнан 700 млн қосымша су жібердік. Елбасының келісімнің арқасында. Сондықтан ризашылық бар шығар, бұндай өнім бұрын-соңды болмаған деп айтып жатыр. Жерді тиімді пайдалану керек. Тек қана мақтаға жүгіне бермей, басқа өнімдерді де егу керек.

Одан кейін Ауыл шаруашылығы министрі бастаған топ Ділдәбеков ауылдық округінде орналасқан каналға барды. 2011 жылы пайдалануға берілген каналдың құрылысына республикалық бюджеттен 13 млрд 523 млн теңге бөлінген. Облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, канал 86,7 мың гектар егістік алқапты ағын сумен қамтамасыз етуге қауқарлы.

Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі:

- Бұның бәрі Елбасының тапсырмасымен бітіп отыр. Шардараның 150 мың халқы бар, 350 мың Мақтаарал мен Жетісайдың халқы, 500 мың халық бар. Барлығы ағайын, туған қандай жақсы. Мына жер – шекараның жаны стратегиялық аймақ.

Бұдан соң министр Асықата кентіндегі мақта шикізатын өңдеу зауытының жұмысымен де танысты. Кәсіпорын жылына 60 мың тонна мақта шикізатын қайта өңдеуден өткізеді. Науқан кезінде 265 адам жұмыс істейді. Мұнда өндірілген өнімдер ТМД және шет мемлекеттерге жөнелтіледі. Бұнда Ауыл шаруашылығы министрі жерді тиімді пайдалану жөнінде шаруалармен кеңес өткізді. 

Ербол Ералиев, шаруа қожалығының басшысы:

- Қауын-қарбыз еге ме, күріш, мақта еге ме, көршілеріміз де сондай механизм бар. Олар да жерді дұрыс пайдаланбаса, олар күтпейді. Бізде сол механизм дұрыс жұмыс істемей жатыр. Дұрыс жұмыс істемейді ме, аудандық мәслихаттың шешімімен жерді игере алатын шаруаларға беру керек. Суармалы жер алтыннан да қымбат. Сондай механизм болса, бізге де дұрыс болар еді.  

Бұдан соң вице-премьер бастаған топ Қарақай ауылдық округіндегі егістік алқапты аралап көрді. 1996 жылы құрылған кооператив иелегіндегі 800 гектар жерге мақта еккен. Диқандармен жүздескен Өмірзақ Естайұлы Жетісайдағы мақта терімі жұмыстарына оң бағасын берді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы