386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2019 жылдан бастап пластмасса, макулатура және шыныны көмуге тыйым салынады

  • 857
  • UPD: 20:54, 02.10.2018
2019 жылдан бастап пластмасса, макулатура және шыныны көмуге тыйым салынады

Алдағы жылдан бастап пластмасса, макулатура, картон, өзге де қағаз қалдықтары мен шыныны көмуге тыйым салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай шектеу 2021 жылдан бастап құрылыс және тамақ қалдықтарына да қойылады. Осы мақсатта Экологиялық кодекске түзету енгізілді. Бұл ақпарды бүгінгі Үкімет отырысынан соң Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жеткізді. Жалпы салалық министрлік ұсынған дерек бойынша жыл сайын елімізде 5-6 миллион тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналады екен. Биылғы сегіз айдың өзінде 3 миллион тоннадан артық қоқыс жиналған. Оның тек 330 мың тоннасы, яғни 10,5%-ы ғана кәдеге жаратылыпты. Қалғаны ен далада жайылып жатыр. Сондықтан қоқысты қайта өңдеу ісін жандандыру кезек күттірмейтін мәселе. Осы шаруаға келгенде әкімдіктегілердің жұмысы сылбыр. Мәселен тұрмыстық қатты қалдыққа арналған контейнерлер барлық жерде табыла бермейді. Қоқыс қабылдап, оны өңдеумен айналысатын инвесторлар іздеу жұмысы да мардымсыз.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Ең бастысы – қалдықтарды өңдеуге тиісті инвесторларды тартып, оларға жағдай жасап, оларға көмек көрсету керек. Біздің тараптан қандай көмек, қандай әдістеме керек болса, оның бәрін көрсетіп жатырмыз. Егер жеңілдіктер керек болса, біз оны қарастыратын боламыз.

Хабар 24 телеарнасы