386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«7-20-25». Астанада соңғы үш айда 840 азамат өтініш білдірген

  • 741
  • UPD: 22:33, 03.10.2018

Астанада соңғы үш айда «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алуға 840 азамат өтініш білдірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның 584-і барлық талапқа сай келіп, өтініштері мақұлданды.

Бүгін Президенттің 5 әлеуметтік бастамасының орындалу барысын қадағалайтын республикалық қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар нысанды аралады. Олардың арасында жаңа аталған «7-20-25» бағдарламасы бойынша игілікке берілген үйлер де бар.

Қонаевтар – бағдарлама аясында баспаналы болған отбасылардың бірі. Балқаш қаласынан Астанаға қоныс аударғандарына 1 жылға жуықтапты. Көпбалалы отбасы тиісті құжаттың барлығын жинап, міне, екі бөлмелі пәтердің иесі атанды. «7-20-25» бағдарламасы барлығына бірдей баспана алуға мүмкіндік бермесе де, біраз адамның пәтерлі болуына көмектеседі», - дейді олар.

Жанар Байқуатова, қала тұрғыны:

Бағдарламаны аңдумен болдық. Интернетке күн сайын – кешке, таңертең кіріп тұрдық. Бағдарламаға қалай қол қойылды, жолдасым жұмысынан сұранып, құжаттарды жинай бастады. Барлық құжаттарға қол қойылып болған соң кілтті он күнде табыстады.

Бағдарлама аясында берілген баспаналарды аралаған кеңес мүшелері студенттерге арналған хостелдің жұмысымен де танысты.

Айта кеткен жөн, 2015 жылы салынған ғимаратты бастапқыда шетел азаматтары паналаған. Биылдан бастап колледж студенттері тұрады. Бір қызығы, 400 орындық хостелде жеңілдік тек мемлекеттік грант иегерлеріне ғана қарастырылған. Ал ақылы бөлімде оқитын жастар жатақхана типтес баспананың толық құнын төлеуге мәжбүр. Бұл дегеніңіз айына – 27 мың теңгенің шамасында.

Гүлжанат Маусымбаева, кешен директоры:

Биылдан бастап студенттер кірді. Студенттер кіргенде 4 колледж кірді. Колледж студенттерінен кіргендердің арасында бұл жерде тек қана грантпен түскендер ғана тұрады. Айына 5 мың төлейді. Үкімет 22 мың теңге төлейді.

Астанада 16 мыңнан астам студент жатақханамен қамтамасыз етілмеген екен. Бұл мәселе де қоғамдық кеңес назарынан тыс қалмады. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев студенттерді уақытша болса да, хостелдерге орналастырудың жалғасатынын айтты.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары

Осы мәселені шешу үшін Астана қаласының әкімшілігі EXPO-ға салынған хостелдерді жатақхана ретінде уақытша беру бойынша жұмыс істеп жатыр екен. Бұл – пилоттық жоба. Бұл уақытша шара. Жаңа жатақханалар салынады. Алайда олар салынғанша хостелдерді жатақханамен қамтудың тиімді жолы деп есептейміз.

Бірнеше нысанды аралаған қоғамдық кеңес 5 әлеуметтік бастаманы тиімді жүзеге асыру жолдарын агротехникалық университетте ұйымдастырылған жиында талқылады. Мәулен Әшімбаевтан бөлек, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов пен Қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Жұмағұлов та ойларын ортаға салып, өз ұсыныстарын білдірді.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы