384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде «4 ағайынды» қылмыстық тобының жетекшісіне тағайындалған жаза өзгерді

  • 1409
  • UPD: 22:36, 03.10.2018

Ақтөбеде қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы «4 ағайынды» қылмыстық тобының жетекшісіне тағайындалған жазаны өзгертті, деп хабарлайды «Хабар 24».

9 айға созылып, 257 том болған іс бойынша 26 адам қылмыстық жауапқа тартылып, олардың 24-і сотталып, екеуі сот залынан босатылған еді. Жаза кесілгендерге Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша, яғни мұнайды заңсыз тасымалдады, сатты және сақтады деген айып тағылды.

2 тамыз күні қылмыстық топ мүшелері 3 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге сотталған болатын. Ал Ізбасаровқа ауыр қылмыс жасады деген айып тағылып, ол 12 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Бұл үкіммен келіспеген сотталушы өзінің заңды құқығын пайдаланып, аппеляциялық сотқа шағым түсірген болатын.

Ізбасаровтан бөлек тағы бірнеше адам сот үкімімен келіспей, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына аппеляциялық шағым жазған еді. Ал мемлекеттік айыптаушы жақ Ізбасаров пен тағы бірнеше сыбайласына кесілген жазаның мерзімін ұзартуды сұраған. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының шешімімен Еркін Ізбасаровқа тағы 4 жыл мерзім қосылып, 16 жыл жаза кесілді. Тағы бірнеше адамға кесілген үкім өзгертіліп, мерзімдері ұзартылды. Яғни, прокурорлардың жазаны қатаңдату туралы шағымы қанағаттандырылды. Ал 14 адамның үкімі өзгеріссіз қалдырылды. 1 сотталушының жазасы жеңілдетілді.

Қайырбек Елемесов, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:

- Ізбасаров Еркін Жұмашұлына 16 жыл бас бостандығынан айыру және меншігіндегі қылмыстық жолмен табылған мүлігін тәркілеу туралы жаза тағайындалсын. Қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтесін. Ізбасаровтың әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 14-бабы 2-бөлігі бойынша «қауіпті рецидив қылмыс» деп танылсын.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың желтоқсан айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы мен Ақтөбе облыстық ІІД арнайы операция өткізіп, ірі қылмыстық топтың жолын кескен болатын. Жедел шара кезінде «мұнайды заңсыз тасымалдады, сатты және сақтады» деген айыппен күдіктілер ұсталып, мұнай өнімдері құйылған автоцистерналар тәркіленген еді. Сотталушылар енді Жоғарғы сотқа аппеляциялық шағым түсіре алады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы