366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Соғыс кезінде тылда еңбектенген қарияның өмірі өскелең ұрпаққа өнеге

  • 452
  • UPD: 16:24, 05.10.2018

Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс болмас еді. Соғыс жылдары жер жыртып, егін салып, түнде майданға қолғап тоқыған Жамбыл ауданы Үмбетәлі ауылынының тұрғыны Шайымхан Ақшақызы бүгінде 95 жаста.

Бір әулеттің ғана емес, бүкіл ауылдың мақтанышына айналған Шайымхан апаның берекелі шаңырағынан қонақ арылмайды.  Ғасырға жуық ғұмыр кешкен әженің батасын алуға үлкен де, кіші де келеді. Балалығы аштық уақытына тап келген, жастығы соғыстың қиындығымен өткен ана бүгінгі бейбіт күнге жеткенім еңбектің арқасы, - дейді. 

Шайымхан Ақшаева, тыл ардагері:

- Соғыс шыққанда 17-демін. Әртүрлі жұмыс істедім. Өгіз айдадым, жер жырттым, ат соқа айдадым жер жырттым. Түнде қолғап тоқимыз соғысқа. Екі саусақты. Бас бармақ сосын мына бармақ. Шешем жіп иіріп қояды. Колхоз жүн берген. Қазір ойласам сонда 3-4-ке шейін. Ертең ерте жұмысқа кету керек.

Отағасы Қасабек Шоқашев 1942 жылы соғысқа аттанып, 4 жылдан кейін аман оралады. 2 қыз, 1 ұлды тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы еңбегімен көпке үлгі бола білді. 30 жылға жуық сауыншы болып еңбек еткен Шайымхан апа қоғамдық жұмыстан да қол үзбепті. Ауылдық, аудандық, облыстық президиумда депутат болған ол бүгінде қарашаңырақтың ұйытқысы.

Бақытгүл Шоқашева, келіні:

- Осы кісінің өмірі бір ғасыр ғой енді қарап отырсақ, аштықты да көрді, соғысты да көрді, жақсылықты да көрді, жаманшылықты да көрді, соның бәріне төзіп, осындай бізге ақылын айтып, мамамыз осы шаңырақтың берекесі, осы шаңырақтың ұйытқысы

Дина Салабек, немере келіні:

- Кезінде өте еңбекқор болғандықтан қазірдің өзінде отырмайды. Үнемі бірнәрсе жасап бізге көмектесіп жүреді. Осы апаның арқасында өте көп берекелі нәрселер болады үнемі үйде. Әрдайым өзінің батасын беріп отырады бізге.

Бірнеше кезеңнің куәсі болған Шайымхан апа әлі де тың. Бір күнге 500 грамм нанды қанағат тұтқан уақыт көзден кетсе де, көңілден кетпейді, - дейді ол.

Шайымхан Ақшаева, тыл ардагері:

- Мына заман рахат заман жастарға. Қазақстан алға басып бара жатыр. Телевизордан көріп отырамын. Нұрсұлтанның әңгімесін естимін. Қазақстанға қуанамын. Заман тыныш болсын. Мына заманды да көріп отырмын. Аллаға шүкір.

Шайымхан апа бүгінде үш баласынан 10-ға жуық немере сүйіп отыр. «Шөберемді қолыма алсам арманым жоқ» дейді ғасырмен құрдас әже.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Қанат Қаматаев

Хабар 24 телеарнасы