366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Экологияға зиян келтіретін өндіріс ошақтарына бақылау күшейеді

  • 195
  • UPD: 23:15, 05.10.2018

Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауда айтқан мәселелерін жүзеге асыруда заң шығарушы орган Сенат пен Мәжілістің атқарар рөлі зор.

Депутаттар енді болашағымызды бағдарлаған бұл бастамалардың орындалуына күш салмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттің басты байлығы – оның халқы. Елбасы кезекті Жолдауында қазақстандықтардың әл ауқатының жақсаруына бағытталған бірнеше міндетті атады. Олардың барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру үшін жасалып отыр. Ендігі жерде Президент жүктеген міндеттерді заңдық тұрғыдан бекітіп, оның іске асырылуына жол сілтеу – қос палатаның міндеті. Депутаттардың айтуынша, Мемлекет басшысының әрбір Жолдауы – еліміздегі әр отбасы үшін өте маңызды тарихи құжат.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауы халықтың, әрбір азаматтың жағдайын жақсартуға арналған ерекше стратегиялық жоспар. Онда отбасы, тұрғын үй, шағын бизнес, сонымен бірге әлеуметтк саланың барлық бағыттары бойынша маңызды міндеттер қойылып отыр. Ең бастысы, барлығы жүзеге асатын және қажетті мақсаттар. Сондықтан бұл Жолдау табыстарымызды сақтап, оларды одан әрі күшейтуге үлкен мүмкіндіктер береді.

«Медициналық қызметтің сапасы, тұрғын үй, жол, ауызсу. Халықты дәл осы мәселелер толғандырады», – деді Елбасы. Әрине, сапалы қызмет көрсету еңбекақыға байланысты. Осыған орай әлеуметтік сала өкілдерінің бірқатарының жалақысы көтеріледі. Бұл әсіресе ауылды жерлерде жұмыс істейтін мамандар үшін үлкен қолдау болмақ.

Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Алғашқы медициналық көмектің сапасы жақсы нәрсе. Себебі сол учаскелік дәрігерлер дер кезінде диагнозын қойып, жақсы емін өткізсе, 70-80 пайыз адамның сауығып кеткеніне ықпал жасайды және де аурудың асқынуына жол бермейді, профилактикасын жасайды. Сондықтан алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігерлер, оның ішінде отбасы дәрігерлердің айлығын көбейту –  жақсы жаңалық.

Осындай жағымды жаңалықты ұстаздар қауымы да қуана қарсы алмақ. Дәл ұстаздар күні қарсаңында Елбасының мұғалімдер мәртебесін көтеру туралы заңды қабылдау туралы тапсырма жүктегені, бүкіл білім саласы қызметкерлері үшін ерекше тосынсый болғаны анық. «Мұғалімдердің, полиция және медицина саласы мамандарының жалақыларының алдағы жылдың бірінші қаңтарынан бастап 20 пайызға көбеюі де халық естігісі келген маңызды жаңалық», – дейді сарапшылар.

Рүстем Қайдаров, қоғамдық бірлестік президиумының төрағасы:

– 2019 жыл жастарға арналып отыр. Осы мәселені барлығымыз көтеру керекпіз. Жастар Отанына еңбек ету қажет. Патриоттық сезім өзінің отбасынан басталады. Сондықтан отбасына көңіл бөлу керек, мектепке көңіл бөлу керек. 

Дәурен Бабамұратов, саясаттанушы:

– Жастар шетелге оқуға көп кетіп жатыр. Ол ненің көрсеткіші? Біздегі ЖОО білім сапасының төмендігінің көрсеткіші. Алдағы уақытта ЖОО білім сапасын анықтайтын бірден бір критерий ол тікелей сол ЖОО бітірген балалардың жұмысқа тұруымен ғана өлшенеді деді. Балабақшадағы және орта білім мектептегі балалардың барлығын оқып жатқан жерлерінің барлығын камералармен қамтамасыз ету. Бұл қауіпсіздік мәселесі, білім мәселесі, тәртіп мәселесі, сондықтан бұл да өте маңызды деп ойлаймын.

Келесі жылдан бастап құқық қорғау органдарын жаңғыртуға арналған бағдарлама жүзеге асырылады. Штаттық құрам оңтайландырылады, жалақы артады. Ішкі істер саласы мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарының білім беру жүйесі өзгермек. Олардың кәсіби біліктілігін артыруға байланысты да тың жаңалықтар бар.

Нұрлан Дулатбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Біздің құқық қорғау органдары, оның ішінде ішкі істер органдарының бағытын түбегейлі өзгерту керектігі айтылды.

Жолдауда экологияға қатысты мәселелер де тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы өндірістік кәсіпорындардың табиғатты ластауға жол бермеу қажеттігін ескертті. Бұдан былай, экологияға зиян келтіретін өндіріс ошақтарына бақылау күшейеді.

Дархан  Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісіің депутаты:

– Мысалы, Еуропада экологияға қанша көңіл бөліп жатқанын басып айтты. Сол сияқты шетелдік, отандық кәсіпорындардың, компаниялардың барлығын ауаны ластауы үшін тәртіпті қатаңдату мәселесін дұрыс айтты деп ойлаймын. Өйткені біз болашақта еліміздің табиғатын, жер байлығын сақтау үшін барлығын сақтауымыз керек.

Ал жаңадан құрылатын ұлттық жаңғыру кеңсесі құрылады, реформалар мен негізгі стратегиялық құжаттардың жүзеге асырылуын бағалайтын болады.

Сауытбек Абдрахманов:

– Бүгінгі Жолдауда естіген жақсы жаңалығымыз көп, солардың біреуі және бастысы жаңғыру жөніндегі жұмысқа жаңаша серпін берілетін. Атап айтқанда, ұлттық жаңғыру комитеті болатындығы. Осы бойынша көптеген шаруа атқарылатындығы айқын айтылды. Халықтың әл-ауқатын көтеру үшін ең төмен жалақыны 1,5 есеге көтеру. Шағын және орта бизнеске салық жасау, мұғалім мәртебесі туралы қабылдау, ауыл бағдарлама дайындау сияқты жақсы жаңалықтар айтылды.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Президенттің әрбір Жолдауы қашанда өзекті мәселелерге арналады. Бұл жолғы бастамалары да көкейкесті әлеуметтік жайттарды қамтыды. Енді осы халықтың өмір сапасын жақсартуға арналған Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды Үкімет болып, ел болып іске асыру міндеті тұр.

Хабар 24 телеарнасы