360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сарапшы: Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек

  • 177
  • UPD: 00:28, 06.10.2018

Елбасының халыққа Жолдауындағы құқық қорғау жүйесіне қатысты айтқан тапсырмалар салада көптеген реформаны жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының өкілі Алуа Жолдыбалинова осындай пікірін білдірді. Оның айтуынша, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін ең алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек. Ол полицейлердің кәсіби деңгейіне тікелей байланысты.

Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бөлім басшысы:

– Елбасы полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейіне де үлкен мән берді. Оларды аттестациялау мәселесі, білімін жетілдіру. Оларды дайындау тәсілі де өзгереді. Академияның жанында 3-6 айлық курстар ашылады. Заң мамандығын бітіргендерге үлкен басымдық береміз. Осының барлығы реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бүгін Елбасы тек құқық қорғау органдарын ғана емес, жалпы мемлекеттік қызмет саласын оңтайландыруды тапсырды. Стратегиялық зерттеулер институты мамандарының айтуынша, аталмыш мақсат орындалса, ел үшін маңызды бағдарламаларды жүзеге асыру жеңілдей түседі. Бірақ қазір ең алдымен жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттыру қажет.

Слямжар Ахметжаров, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ ғылыми қызметкері:

– Президент мемлекеттік қызметті оңтайландырудың үздік мысалдарын атап өтті. Естігендей, Маңғыстау облысы бұл бағытта жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Елбасы облыстық әкімдіктердің жұмысын бағалайтын тиімді жүйені енгізуді тапсырды. Біздің ойымызша, мемлекеттік қызметтегі кадрлық саясат дұрыс жүргізілсе, Үкімет іске асырып жатқан бағдарламаларды орындау процесі жеңілдейді.

Жалақының көтерілуі – әрдайым халықтың көкейіндегі басты мәселелердің бірі. Президент тапсырмасы бойынша ең төменгі айлық көлемін 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсті. Қалың жұрт үшін мұндай шешім – үлкен демеу.

Мәдина Нұрғалиева, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары:

– Биылғы Жолдауда әлеуметтік экономикалық мәселелерге басымдық берілді. Біздің зерттеулерге сүйенсек, бұл – Қазақстан азаматтары үшін бұл басты түйткіл. Әсіресе, баға өсімі, инфляция, жұмыссыздық ахуалы жұрт назарында. Бүгін Елбасы ең төменгі айлық көлемінің өскенін жариялады. Ол үшін бюджеттен 2021 жылға дейін 96 миллиард теңге бөлінеді.

Хабар 24 телеарнасы