366.86 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жолдау. Учаскелік дәрігерлердің жалақысы кемінде 20 пайызға өседі

  • 196
  • UPD: 00:17, 06.10.2018

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында: «2019 жылғы 1 қаңтарынан бастап учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын 20 пайызға көтеруді тапсырамын. Осы мақсатта келесі жылы бюджеттен 5 млрд теңге бөлінеді», – деп атап көрсетті.

Бұл әсіресе, ауыл дәрігерлері үшін ерекше қуанышты жаңалық болды. Себебі әлеуметтік ахуалға алаңдамайтын дәрігер ғана алаңсыз қызмет көрсете алады.

Доссор кентіндегі аурухана жанынан «Мерейгерлік күтім» бөлімінің ашылғанына көп болған жоқ. Ардагер зейнеткерлерге арналған 2 палатада 10 адам ем қабылдап жатыр. Мұнда олар дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады. Түрлі жаттығулар жасап, саулықтарын түзейді. 

Жұмағұл Асанов, емделуші:

– Қысымым 150-160 боп келгенмін. Жаман емес, қазір 4 күннің ішінде ем алып жатырмын. Үйдің қасынан ашылғаны жақсы болды.

13 мың тұрғыны бар ауруханада 12 маман-дәрігер бар. 8 орын әзірге бос тұр. «Жедел жәрдем» жалпы кеңес беру, балалар бөлімі тұрғындарға қызмет көрсетеді. Рас, соңғы жылдары дәрігерлер жетіспеушілігі жойылып келеді. Мемлекеттің қолдауымен жас мамандар ауылға орала бастады. Солардың бірі – Астана медициналық университетінің түлегі Мақсот Базарбаев.

Мақсот Базарбаев, жас дәрігер:

– 2016 жылы бітіріп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Доссор кентінде жұмыс жатырмыз. Мұнда келгелі жағдайым жаман емес. Пәтер берді, көтерме жәрдем берілді. Халыққа қызмет көрсетіп жатырмын.

Мақсоттан үлгі алып ауылға ат басын бұрамын деген маман-дәрігерге мұнда жұмыс жеткілікті.   

Серік Жұмағұлов, аурухананың аға дәрігері:

– Бізге кардиолог, лор-мамандар, окулист, дерматолог мамандар қажет.

Жалпы Атырау облысы бойынша 122 маман дәрігер жетіспейді. Бұл түйінді мәселені шешу үшін мемлекеттік бағдарламаға сүйенген атқарушы билік жоғарғы оқу орындарымен келіссөздер жүргізуде. Жас мамандардың аяғынан қаз тұрып кетуін жергілікті билік өз мойнына алып отыр.

Тілек Нұрпейісов, Мақат ауданы әкімінің орынбасары:

– Өткен екі жылда 5 маман дәрігер баспанамен қамтамасыз етілді. Келер жылы 5 қызметтік пәтер жоспарлану үстінде. Одан бөлек, мамандарға 168 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы қарастырылған.

Жолдауда Елбасы аузынан шыққан жылы лебіз «ақ желеңділердің» келешекке деген сенімін нығайта түскені анық. Әсіресе, бұл ауыл дәрігерлері үшін ерекше қолдау болғалы тұр. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы