365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында күріш ору науқаны қызу жүріп жатыр

  • 116
  • UPD: 07:47, 06.10.2018

Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастыру керектігін айтты.

Өйткені өз елімізде өсіріп, одан дайын өнім өндіруге болатын тауарлардың көбін сырттан тасымалдап отырғанымыз жасырын емес.

Мәселен, қазір Алматы облысында күріш ору науқаны қызу жүріп жатыр. Жетісулық диқандар өткен жылы әр гектардан орта есеппен 40 центнерден өнім алса, биылғы көрсеткіш одан 4-5 центнерге төмен. Күріш алқаптарының көлемі де айтарлықтай азайған.

Алматы облысының диқандары биыл жалпы аумағы 10 500 гектар алқапқа күріш екті. Оның шығымы жақсы болғанымен, ауа райының қолайсыздығы өнімділікке өз кесірін тигізді. Қыркүйек айында күн күрт суытып, үсік жүрсе, қазанда жаңбыр жауып өтті. Ол егін орағын сәл саябырсытқанымен, шаруалар бұйырған өнімді ысырап қылмай жинап алуға тырысып жатыр.

Арман Ахметбаев, шаруашылық қожалығының жетекшісі:

- 3 жылдан бері күріш өсірумен айналысып келеміз. Биыл 560 гектар жерге Қызылорда облысынан тұқым әкеліп септік. 10 қыркүйекте орақты бастадық. Жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр. Күріш жинау науқанын алдағы аптада аяқтаймыз.

Қаратал ауданы ежелден күріш өсірумен айналысады. Алайда соңғы жылдары бұрын ақ күріш жайқалған алқаптар басқа мақсатта пайдаланыла бастады. Себебі, білікті маман жоқ. Осы орайда олар Елбасының ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастыру туралы бастамасын жылы қабылдады. Алдағы 3 жылда бұл мақсатқа жыл сайын қосымша 100 миллиард теңге қарастырылады. Қаратал ауданындағы шаруашылықтар қазір әр гектардан орта есеппен 35-36 центнерден өнім алуда. Шаруалар жергілікті тұқымның шығымдылығы төмен болғандықтан, екінші жыл қатарынан Қызылорда облысынан күріштің «Янтарь» сұрпын әкеліп егіп жатыр.   

Ғалым Уәлиев, Қаратал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Бізде күрішпен айналысатын 3 шаруашылық бар. Соның бәрі 1725 гектарға егіп отыр. Жаңа комбайндар алып жатыр. 16 миллионға 16 дана трактор алынған.

Күріш Алматы облысы бойынша Балқаш пен Қаратал аудандарының аумағында ғана өседі. Қараталда өткен жылы 3 мың гектардай алқапқа күріш егілсе, ол биыл 2 есеге дейін кеміп кеткен. «Оны дұрыс жолға қою үшін тұқым шаруашылығын қалпына келтіріп, білікті мамандарды даярлауымыз керек», – дейді шаруалар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы