365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында азаматтар жаңа үлгідегі әлеуметтік көмекті тиімді пайдалануда

  • 319
  • UPD: 07:48, 06.10.2018

Елбасы жолдауында атап көрсеткендей, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жандарға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет.

Бұл орайда Қарағанды облысындағы жұмыссыз азаматтар кәсіпкерлікпен айналысып, жаңа үлгідегі әлеуметтік көмек негізінде өз істерін бастап кетті.

Саран қаласының тұрғыны Евгений Марченко осыдан бір жыл бұрын жұмыссыз жүрген. Бүгінде ол құс өсіру кәсібін меңгеріп алды. Отбасы Саран қаласына таяуда қоныс аударды. Үш баланы жеткізудің қамын ойлап, жергілікті Жұмыспен қамту орталығына жүгінген. Мемлекет қаржысына монтаждаушы мамандығын меңгеріп, қазір қаз өсіретін шағын ферма ашыпты.

Евгений Марченко. Саран қаласының тұрғыны:

- Жұмыспен қамту орталығында әлеуметтік көмек берілетінін естіп бардым. 172 мың теңге бөлді. Ол қаражатқа қаз бен тауық сатып алдық. Жақында балапандайды. Келесі жылы тағы да әлеуметтік көмекке жүгініп, ісімді әрі қарай дамытуды жоспарлап отырмын. Үй шаруашылығын дамытқым келеді.

Атаулы әлеуметтік көмек ай сайын төленеді. Ал бірден шағын кәсіп ашамын дегендерге бір жылдық қаражат бөлінеді. Саран қаласында биыл бір жолғы материалдық әлеуметтік көмек бағдарламасы сәтті іске асырылып жатыр.

Кенже Тұңғышбаева, Саран қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы:

- Бұлар – жұмысқа құлшыныс танытып отырған азаматтар. Олар өз кәсібін ашуды армандайды. Сондықтан келесі жылы біз бұл тізімдегі адамдарды грантқа кіргізуді көздеп отырмыз. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында грант бөлуге болады.

Жаңа үлгідегі әлеуметтік көмек арқылы жағдайы төмен және жұмыссыз қалған азаматтар қаржыландырылады. Ол үшін жұмыспен қамту орталығына тіркелу қажет. Егер орталыққа жүгінген адам ұсынылған жұмыстан бас тартса, оған жәрдемақы төленбейді.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов, Асет Асайынов

Хабар 24 телеарнасы