366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстаулықтар жұмыссыздықпен күрестің жаңа жолын тапты

  • 148
  • UPD: 15:39, 06.10.2018

Маңғыстау облысында жұмыссыздықпен күрес бағытында елімізде баламасы жоқ жобалар жүзеге асып жатыр.

Бұл – өз кезегінде Елбасы жолдауында көрсетілген тапсырмалардың нәтижелі орындалуының айқын көрінісі. Тың бастаманың бірі – «Еңбек» әлеуметтік жобасы. Оның негізінде бизнес-орта өкілдері мемлекеттен қаржылай қолдау ала алады. Басты талап жеке кәсіп иесі мүмкіндігі шектеулі адамды жұмысқа алуы қажет.

Ғалымжан Әлиев тігіншілік өнердің ер адамға жат іс еместігін нәтижелі жұмысымен дәлелдеп жүр. Бүгінде ісмер пішкен киімдерге сұраныс жоғары. Тігін шеберхана иесі өз жобасын комиссия алдында қорғап шықты. Енді ол ашқан шағын цехта ерлер костюмдері тоқылады. Кәсіп иесі бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі адамдарға табыс көзін ұсынуды көздеп отыр.

Ғалымжан Әлиев, кәсіпкер:

- Гранттан ұтып алған ақшамызға тігінмен айналысатын мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа аламыз. Білмейтін болса, өзіміз үйретеміз. Шеберлеріміз бар. Біз нарықты талдадық. Осы Маңғыстау бойынша ерлерге арналған тігін шеберханасы жоқ.

Шалғай өңірде «Еңбек» әлеуметтік жобасын жүзеге асыруға мемлекеттен 12 млн теңге бөлінді. Комиссия шешімімен бұл қаражат 50 қайтарымсыз грант түрінде аймақ кәсіпкерлеріне беріледі. Қазір облысқа қарасты бес аудан мен екі қаладан 70-ке жуық өтініш келіп түскен. Жобасы мақұлданған әр азамат 240 500 теңгеден ақша алады. 

Серік Гусман, мемлекеттік гранттарды бөлу комиссиясының төрағасы:

- Әрине, біріншіден, кәсіпкерлікті дамыту. Екіншіден, жұмыспен қамту. Оның ішінде әлеуметтік топтарға жататын, яғни денсаулығы нашар балаларға, өзінің де денсаулығы нашар кәсіпкерлерге арналған бағдарлама. Мүгедек балалары бар отбасылар өте қатты қызығушылық танытып жатыр.

100 АЕК-ке тең қайтарымсыз грантқа ие болғандардың дені – тігін шеберханасы мен наубайхана ашқан кәсіпкерлер. Барлығы да мүмкіндігі шектеулі жандарға тұрақты жұмыс ұсынып отыр. Сондай-ақ жобасы мақұлданған аз қамтылған отбасы өңірде құс шаруашылығын дамытуды жоспарлап қойған.  

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Дүсәлиев

Хабар 24 телеарнасы