360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-дағы емдеу нысандарына 200-ге жуық дәрігер қажет

  • 162
  • UPD: 19:12, 06.10.2018

Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс» деген болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құжаттарды құнттауда электронды тәсілге көшу бойынша Батыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Аймақта өңірге кадрлар тарту, мамандарды оқыту және емдеу нысандарын заманауи қондырғылармен қамтуды мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында шешу бағытында да ауқымды істер атқарылып жатыр.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

– Бұл – облыстық клиникалық ауруханаға алынған су жаңа магниттік резонанстық томография аппараты. Бұрынғы құрылғының істен шығуына байланысты өңір тұрғындары өзге аймақтарға барып қаралуға мәжбүр болатын. Жаңа аппарат адам ағзасына сапалы тексеріс жүргізумен қатар жұмыс жасау уақытын екі есеге қысқартады. Қондырғының қыр-сырын меңгеру үшін мамандар үш деңгейлі оқу курсынан өтеді. Томографиялық аппарат тәулігіне 20 шақты науқасқа қызмет көрсете алады.

Қымбат қондырғы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында сатып алынған. Соның арқасында облыс бюджетіне бірден салмақ түспейді. Жекеменшік серіктестікпен жасалған келісімге сәйкес, қондырғының қаржысы бірнеше жылдан кейін қайтарылатын болады. Есесіне, өңір тұрғындары құрылғының қызметін қазірден бастап пайдалана бермек. Облыста маман тапшылығын жою мақсатында бірқатар жұмыс қолға алынған. Сала басшыларының айтуынша, өңірдегі емдеу нысандарына 200-дей дәрігер қажет. Медицина университеттерімен жасалған келісімге сәйкес, бұл мәселе де оң шешімін таба бастады. 

Қанат Төсекбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Университеттермен жұмыс істеудің арқасында биыл облысымызға 112 дәрігер келеді. Оларды қажеттілігіне сай бөліп отырамыз. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен резидентураға 2 жыл дайындалу үшін 28 адамға квота бөлінген болатын, ол квота бойынша бізде студенттер оқып жатыр. Олар тікелей бізге келіп, бірден жұмыс істеп отырады.

Медицина мамандарын оқыту да – маңызды мәселенің бірі. Бұл ретте емдеу-тексеру құрылғыларын жасайтын зауыт мамандарының көмегімен жергілікті дәрігерлердің біліктілігін арттыруға күш салынады. Жүрек ауруларының алдын алу мақсатында өңірге екі бірдей ангиограф аппаратын сатып алу жоспарда. Олармен жұмыс істеу мақсатында Астанадан 3 кардиохирург маман өңірге келіп отыр.

Алтай Көлгінов, облыс әкімі:

– Ақжайық аудандық ауруханасында инсульттық орталық ашамыз, ол жерге компьютерлік томография сатып аламыз. Сонымен бірге біздің онкологиялық диспансерге қажет, онкология ауруларын емдеуге арналған қымбат аппарат бар. Ол 2 млрд-қа жуық қаражат тұрады.

Орал қаласы тұрғындарының 100 пайызға жуығы электронды денсаулық төлқұжатын пайдаланып жүр. Барлық емханалар электронды кезек жүйесімен қамтылған. Келешекте өңірге жоғары оқу орындарын тәмамдайтын 40 шақты дәрігер шақыртылмақ. Олармен қазірдің өзінде келісімдер жасалған, яғни оқу бітіріп келген жас мамандар аймақта кемі 5 жыл жұмыс істейтін болады.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы