360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шығысқазақстандық дәрігерлер: Медицина үшін мемлекеттік қолдау маңызды

  • 214
  • UPD: 21:44, 06.10.2018

Елбасы Жолдауында медициналық қызмет сапасына ерекше тоқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент: «Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет», – деп атап көрсетті.

Осы ретте медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырып, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс екенін айтты. Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданының қарапайым тұрғындары мен дәрігерлер қауымын бұл жаңалықтар жігерлендіріп тастады.

Беген ауылының тұрғыны Сартай Кәдірханова осыдан бірнеше күн бұрын қатты науқастанып, аудандық ауруханаға түсіпті. Дәрігерлердің біліктілігі арқасында қазір денсаулығы түзеліп қалғанын айтады.

Сартай Кәдірханова, ауыл тұрғыны:

– Келгенде, дем ала алмай, ауырып келгенмін. Қазір жақсарып келемін. Елбасы халық денсаулығына ықылас бөлгені қуантарлық жағдай.

Сартай апаның денсаулығы үшін алаңдап жүрген ақ халатты жандардың бірі – Алтынай Тілектесова. Ол осы жазда ғана Семейдегі медициналық университетті тәмамдап ауылға бет алған жас маман. Мемлекеттен көтермеақы алып, баспана үшін жеңілдетілген несие алыпты. Елбасының бүгінгі Жолдауында халықтың әлеуметтік мәселелері көп айтылғанына риза болғанын айтады.

Алтынай Тілектесова, терапевт:

– Елбасы Жолдауындағы дәрігерлердің жалақысын көтеру және онкологиялық науқастарға арналған орталықтардың ашылуы туралы жаңалықтар бізді қатты қуантты. Өйткені Бесқарағай ауданында онкологиямен зардап шегетін науқастар өте көп.

Айдархан Ербосынов, бас дәрігердің орынбасары:

– Орталықтандырудың арқасында 55 жаңа компьютер алдық. Бұрынғыдай емес, қазір ауру тарихы, амбулаториялық картаның бәрі электрондық жүйеге көшіп, биылғы жылы аяқтаймыз деген ойдамыз. Және дәрігерлерге өте жеңіл болды. Өйткені дәрігердің де, орта буын медбикенің де жеке компьютерлері бар.

Өткен жылы аурухана жалпы құны 79 миллион теңге болатын озық құрал-жабдықтармен қамтылыпты. «Алдағы уақытта да мамандар біліктілігін арттыру, электрондық денсаулығын жүйесін жетілдіру жұмыстары атқарыла береді», - дейді дәрігерлер.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы