360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысындағы серіктестік алғаш рет «нақты егіншілік» жобасын қолға алды

  • 159
  • UPD: 23:21, 07.10.2018

Қостанай облысындағы ірі шаруашылықтың 3 мың гектар алқабы егіншілікті цифрландыру полигоны ретінде таңдалып алынды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл жерде тек жоғары технологиялы өндіріс құралдары қолданылатын болады. Жобаны жүзеге асыруға мемлекет 878 миллион теңге қайтарымсыз қаржы бөліп отыр.

«Заречный» серіктестігі – ғылым мен өндірісті тиімді ұшастыра білген еліміздегі іргелі шаруашылықтардың бірі. Биыл олар алғашқы рет «нақты егіншілік» деген пилоттық жобаны қолға алып отыр. Мұнда дән сеуіп, топырақ өңдеп, одан астық жинау сияқты барлық кезеңдер электронды бақылау құрылғылары арқылы реттеліп отырады.

Бұл жүйенің басты артықшылығы, себу нормасын, қай жерге, қанша гербицид керектігін өзі анықтайды. Артық шығынға жол бермейді. Тек қана гербицидтен биылғы көктемгі егісте олар 3 миллион 700 мың теңге үнемдеген. Жаңа технологияның арқасында қол жеткізген табыстары жайлы шаруашылықтың бас агрономы Асқар Тұржанов бізге былай деді.

Асқарбек Тұржанов, шаруашылықтың бас агрономы:

- Бұрынғы ескі технологиямен қарағанда бізде бір алқапқа бір норма ғана қойылатын. Ал жаңа датчиктермен алқаптың әрбір гектарына керек тыңайтқыштар көлемі себіледі. Осы жаңа технологиялардың арқасында егістік кезеңінде ғана 6 миллион қаражат үнемделді.

Бұл шаруашылықтың топырақ құнарлылығы айтарлықтай төмен болса да, ғылым мен жаңа технологияға негізделген алқаптарда гектарынан 24 центнерден өнім алынды. Бұл әдеттегі орташа көрсеткіштен екі есе артық. Келер жылы 3 мың гектар алқапқа цифрландыру жүйесі енгізілетін болады. Жобалар жүзеге асқан кезде еңбек өнімділігінің өсімін Елбасы белгілеген 2,5 есеге жеткіземіз деп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы