366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылордада бизнесті жемқорлықтан қорғаудың жаңа жолы қолға алынды

  • 203
  • UPD: 22:44, 07.10.2018

Қызылордада инвестициялық жобаларды антикоррупциялық тұрғыда сүйемелдейдін фронт-офис ашылды.

Басты мақсат – бизнесті жемқорлықтан қорғау. Ал Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысындағы департаменті Елбасы Жолдауында басым бағыт ретінде айтылған кәсіпкерлікті қолдау жобасына қатысты шараларды бастап кетті.

Аймақта фронт-офис құрылғалы 7 өтініш қаралды. Арызданушының бірі – өңірде тампонажды цемент зауыт құрылысын салып жатқан Қытай компаниясы. Жобалық құны 64 миллиард теңге болатын кәсіпорын жылына 1 млн тонна өнім шығарады. Өндіріс ошағында 260 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Инвесторлар зауытты іске қосар сәтте кедергілерге тап болған.

Ли Цзиньцин, компания басшысы:

- Біз көші-қон қызметіне 5 маманды шақырту жөнінде рұқсат құжаттарын рәсімдеуге өтінім бергенбіз. Оны бір ай күттік. Зауытты іске қосу мерзімі жақындап қалған соң фронт-офиске жүгіндік. Мәселе дереу шешімін тапты. Онымен қоса озық технологиялы қондырғыларды қосып беруге қажетті 49 маманды алдыруға мүмкіндік жасалды.             

Бұған дейін күріш өсірумен айналысып келген Нұрлан Іздібаев өңірдегі ең ірі құс фабрикасын салып жатыр. Жылына шығарылатын мың жарым тонна құс етін өңдеу қондырғыларын орнатып, жүргізіп беретін мамандар шетелден шақырылды. Өндірістік он шақты нысан құрылысын аяқтап қалған жергілікті кәсіпкерге де фронт-офис қызметкерлері шетелдік технологтардың мерзімінде келуін қамтамасыз етті.  

Нұрлан Іздібаев, құс фабрикасының директоры:

- Облыс басшылығымен құс фабрикасын салу жөнінде 20 га жер телімі бөлінді және құс сою цехына 5 га, құрама жем зауытына 40 сотық жер бөлінді. Қазіргі кезде бүкіл аймақта құрылыс жұмыстары қарқынмен жүргізілуде. Мемлекет тарапынан бюрократтық, басқа да жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ.

Берікбол Байқожаев, ҚР МҚІСЖҚІА облыс бойынша департамент басшысының орынбасары:

- Шетелдік инвесторлардан көбінесе квота алу барысында қиындықтар туындайтынын, мемлекеттік органдардан ақпарат алу кезінде қиыншылықтар туындайтынын айтып кетсе, отандық кәсіпкерлерден көбінесе олардың жұмысына кедергі келтіру, яғни заңсыз араласу барынша жұмыс жасауына кедергі келтіру шағымдары түсті.

Қазіргі таңда фронт-офисте құны 356 миллиард теңгенің 12 инвестжобасы қаралып жатыр. Оның 8-і шетелдік. Облыс әкімдігі, өңірлік кәсіпкерлер палатасымен тығыз байланыс орнатқан фронт-офис қызметкерлері экспортқа бағытталған индустриялық және аргоөнеркәсіп әлеуетін арттыруға негізделген жобаларды барынша қолдап-қорғайды. Өйткені ол – Елбасы Жолдауындағы басты талап.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 телеарнасы