366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысына қарасты Іле ауданын газдандыру жұмысы жалғасуда

  • 141
  • UPD: 15:04, 08.10.2018

Алматы облысының Іле ауданына қарасты Ақши ауылына өткен жылы газ құбыры тартылған еді, деп хабарлайды «Хабар24».

Қазір үй-үйге көгілдір отын кіргізу жұмыстары жүріп жатыр. «Жылыту маусымы басталғанша, ауылдың 50 пайызын газбен қамтуға тырысамыз», – дейді жергілікті атқарушы билік өкілдері.

1500-ге жуық түтіні бар Ақшиде әзірге 50-ден астам үйге көгілдір отын кірген. Ауыл ішіне жалпы ұзындығы 81 шақырым газ құбыры тартылуы тиіс. Бүгінде соның 40 шақырымының құрылысы аяқталды.

Даниал Өгізбаев, Күрті ауылдық округінің әкімі:

– 15 қазанға дейін ауылдың 50 пайызын қосамыз. Қазір Бәрібаев, Тоқаш Бокин, Рысқұлов және 6-7 көше газға толық қосылады. Әлеуметтік нысандар бойынша қазір жобалық-сметалық құжаттар жасалып жатыр.

Жергілікті тұрғындар Ақшиге газ құбыры тартылғанына дән риза. Зейнеткер Сандыбай Керімбеков алғашқылардың бірі болып үйіне газ кіргізді. Бүгінде көгілдір отынның қызығын көріп отыр.

Сандыбай Керімбеков, Ақши ауылының тұрғыны:

– Осы газдың арқасында көмір тасу, күл шығару дегенді ұмыттық. Бұл бір жағынан тұрмыстық жағдайға өзінің көмегін тигізсе, екінші жағынан үйдің, ауланың, ауаның тазалығына септігін тигізеді. 

Дегенмен ауыл халқы көгілдір отынның игілігін көруге асығар емес. Өйткені әр үйге газ кіргізу құны – 350 мың теңге. Оны көбінің қалтасы көтере бермейді. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен зейнеткерлерге, көпбалалы отбасыларға 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған.

Владимир Тохтасунов, «Жетісу-Облгаз» мемлекеттік компаниясының басшысы:

– Бүгінгі күнде осы Іле ауданындағы Ақши ауылында, Ұйғыр ауданындағы Шонжы ауылында, Көксу ауданындағы Балпық би ауылдарында жеке инвесторлармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ ақшасы кішкене қымбаттау болған соң халық газға қосылмай жатыр.

4 жыл бұрын Алматы облысындағы 4 ауданның халқы көгілдір отынның қызығын көріп келсе, бүгінде барлығы 8 аудан мен 2 қалаға газ жетті. Алдағы жылы Кербұлақ, Қаратал, Балқаш аудандарының орталығына газ құбыры тартылады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов 

Хабар 24 телеарнасы