360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің бейбітшілік үшін маңызы зор

  • 177
  • UPD: 22:48, 08.10.2018

Осы үш жылда бір өтетін форумға  келетін дін басшылары мен әлемнің сарабдал сарапшылары терроризмге төтеп беру, бейбітшілікті сақтау секілді өткір мәселелерді шешу жолдарын іздеп ғана қоймай, нақты іс-қимыл жоспарын жасайды.

Сондықтан бұл жиынның бүкіл дүние жүзі үшін мәні мен маңызы зор.

Тарихта болған талай қасірет бар. Неге болған? Болып та жатыр. Шапқыншылық та, ашаршылық та, азап та. Төңіректегі жағдай тұрақты емес. Осындай керістерді келісіммен шешу үшін Қазақстанда үш жылда бір рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтеді. Алуан түрлі конфессияның басшылары Арқа төрінде кездесіп, бүгінгі күннің басты проблемаларын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып шешу амалдарын іздейді. Өйткені осындай жол ғана - бейбіт өмірдің берекелі жалғасы.

Талғат Қалиев, саясаттанушы:

- Әлем тарихына көз жүгіртер болсақ, дүниежүзіндегі ең зұлмат соғыстардың себебі осы дін болатын. Сондықтан мұндай форумды Қазақстанда өткізу - біздің ел үшін үлкен жауапкершілік әрі үлкен абырой. Өйткені дін - адамдар арақатынасының ең бір сезімтал тұсы. Осы соңғы 15 жылда Қазақстан әлемдік діндер көшбасшыларының басын бір үстелде қосып ғана қоймай, сонымен бірге олардың арасында сенімді арттыра алды.

Ислам, христиан, буддизм, индуизм, даосизм, синтоизм мен зороастризм қызметшілері. Астанаға арнайы шақыртумен келетіндер бұлар. Түрлі дін өкілдерінен бөлек беделді тұлғаларды да көзіміз шалуы мүмкін. Мысалы, Сербия Президенті келуі тиіс. Бәрінің ойы бейбітшілік, қайтсек әлемді зұлымдық пен қанды қырғыннан сақтаймыз деген мәселе.

Алау Әділбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары:

- Діни ренессанс ғасырында дін басшыларының ролі ерекше. Сондықтан осы съездің мақсаты - дін жетекшілерін әлемдегі тұрақтылыққа, бейбітшілікке, төзімділікке, өзара сыйластыққа үндейтін, осыны жамағатқа үгіттеп отырып, жалпы діндердің әлемдегі тұрақтылыққа, бейбітшілікке қосар үлесін айқындап көрсету. Сол тұрғыдан да мына платформа жыл сайын үлкейіп келе жатыр, кеңейіп келе жатыр.

Беделді тұлғалар осы форумның мәні мен маңызын білгеннен кейін келіп жатыр. Бір-біріне деген сенімді нықтап, бетпе-бет кеңесу үшін Астанада кездеспекші.

Авторлары: Ж.Біркенов, Ә.Тәуекелов, Е.Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы