365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысындағы жиында жалақысы өсетін халықтың саны аталды

  • 142
  • UPD: 22:52, 08.10.2018

Ақмола облысында келесі жылдан бастап 58 мың адамның еңбекақысы көтеріледі. Бұл туралы Елбасы Жолдауын талқылау мақсатында өткен облыс активінде айтылды.

Себебі Мемлекет басшысы ең төменгі жалақыны бір жарым есеге жоғарылатуды тапсырған болатын. Аймақта Жолдау жүктеген міндеттер бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? Тілшіміз Дамир Берікұлы баяндайды.

Ақмола облысы, орташа еңбекақы көлемі бойынша елімізде 12-орында тұр. Бұл көңіл қуантарлық көрсеткіш болмаса да аймақта жоғары жалақы алып жүргендер көп. Мәселен, Көкшетау қалалық ауруханасы дәрігерлерінің еңбекақысы ең кем дегенде 200 мың теңге.

Серік Кәкенов, қалалық көпсалалы аурухананың бас дәрігері:

- Бізде жыл сайын жалақы көтеріліп келеді. Себебі, біздің мекеме шаруашылық жүргізуге құқылы қазыналық кәсіпорын. Сондықтан, жалақыны да жұмысына қарай төлейміз. Енді әрі қарай Жолдауда айтылған бағыттар бойынша жұмыс істейтін боламыз. 

Жолдау жүктеген міндеттерді бүгін облыс активі де талқылады. Аймақ басшысының айтуынша, мәселен, бір ғана Бизнестің жол картасының өзіне Ақмола облысында 16 жарым млрд теңге қаржы бөлінген. 600 жобаға субсидия беріліп, 15 мың адам жұмыспен қамтылған. Енді аталған бағдарлама тағы бес жылға созылса, көптеген тұрғындардың бизнес ашары сөзсіз. Спорт саласында да жетістіктер жетерлік.

Аян Шөкенов, облыстық жоғарғы спорттық шеберлік мектебінің директоры:

- Биыл облыс әкімінің қолдауымен бюджеттен қаржы бөлініп, жекенің қолында болып, мақсатсыз пайдаланылған жеңіл атлетика манежін мемлекет меншігіне қайтарып алдық. Одан бөлек, биыл облыс бойынша 54 жаңа спорт нысаны ашылды. 

Жолдауда айтылған туризмді дамыту, ауылшаруашылығын заманауи технологиялармен жабдықтау, баламалы қуат көздерін көбейту сынды тапсырмалар Ақмола облысына тікелей қатысты. Сондықтан, өңірдің алдында үлкен міндеттер тұр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы