360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

100 жаңа есім: Ақтөбелік жігіт арбаға таңылған жандардың тіршілігін жеңілдетті

  • 150
  • UPD: 23:48, 08.10.2018
100 жаңа есім: Ақтөбелік жігіт арбаға таңылған жандардың тіршілігін жеңілдетті

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының бірінші кезеңінде 5 ақтөбелік жеңімпаз атанған еді. Ал екінші кезеңге 101 өтініш түскен.

Олардың ішінен 64 адам туралы мәлімет іріктеп алынып, арнайы комиссияның қарауына жіберілген. Енді сонан тағы 19-ы дараланып, олар онлайн дауыс беруге қатысатын болды. Ал өткен жылғы жеңімпаздардың бірі Шахан Жолдасбаев қазір өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысып жүр. 

Шаханның арманы Ақтөбені қолжетімді қалаға айналдыру. Қоларбаға таңылған жандардың жағдайын ойлаған ол «Пандус-ОК» әлеуметтік жобасын іске асырды. Ол басқарып отырған кәсіпорын 4 жыл ішінде халықаралық стандарттарға сай 20 пандус салған. Одан бөлек, пандус орнатуға қолайсыз жерлерде қоларбаны көтеретін арнайы қондырғы жасауды қолға алған.

Шахан Жолдаспаев, «Пандус-Ок» мамандандырылған әлеуметтік кәсіпорын жетекшісі:

- Әзірге Ақтөбе облысының аумағында жұмыс істеп жатырмыз. Болашақта өзге өңірлерге шыққымыз келеді. Мен бұл кәсіпті пайда табу мақсатында емес, өзім сияқты жандардың проблемасын шешу мақсатында қолға алдым. 2015 жылы АҚШ елшілігі арнайы шақырып, мүгедек жандар үшін қолжетімді ортаның қандай болатынын көрсетті. Бізде де сондай ортаның боларына сенемін.

Өткен жылы қаладағы 132 мекеменің пандусын тексерген мамандар 80 процентінің талапқа сай емес екенін анықтаған. Кейбірі тіпті адам өміріне қауіпті болып шықты. Шаханның айтуынша, жеке кәсіпорын басшыларының пандус саларда мүгедектермен ақылдасқаны жөн. Қажет болса,өзі де тегін кеңес беруге дайын. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңімпаз атанған жігіт қазір облыстың қоғамдық өміріне белсене араласып, мүгедек жандардың жанайқайын жеткізер дәнекер болып жүр.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесіп өткізетін шараның мақсаты - ел дамуына үлес қосып, өзгелерге өнеге болып отырған тұлғаларды халыққа таныту. Ол үшін бастамашыл топтар елді аралап, халықтың пікірін білген еді.

Бақытгүл Сынабаева, облыс әкімдігі аппаратының «Қоғамдық келісім» ҚММ жетекшісінің орынбасары:

- Тамыз айынан бастап біз Ақтөбе облысынан бүкіл облыс тұрғындарынан үміткерлерді жинақтаған болатынбыз. Олар әртүрлі саланың мамандары. Біреуі мәдениет саласы, журналист те бар арасында. Не болмаса, кәсіби қызметкер, кәсіпкерлер. Соның ішінде Қазақстан халық Ассамблеясынан 3 өкіл, этномәдени бірлестік өкілі бар. Мақтан тұтатыны, осы екінші кезеңде, ҮЕҰ азаматтары осы жобаға еніп тұр.

Биыл лайық деген үміткерді кәсіпорындар мен мекемелер де ұсынған. Яғни әр салада нақты жетістікке жеткен білікті мамандардың еңбегі бағаланады. Онлайн дауыс беру El.kz порталында өткізіледі.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы