365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жетісуда өсетін раушан гүлдеріне Әзербайжан қызығушылық танытты

  • 110
  • UPD: 11:32, 09.10.2018

Алматы облысының Балтабай ауылындағы шаруа қожалықтарының бірі кәдімгі итмұрынның көмегімен ландшафты раушан гүлдерін өсіріп отыр.

Әсем гүлдердің сапасы жақсы әрі экономикалық жағынан тиімді болғандықтан сұраныс жыл санап артып келеді. «Тіпті ТМД елдеріне экспортталатын күн де алыс емес», – дейді жетісулық бағбан.

Шаруашылықта раушан гүлінің 300-ге жуық түрі өсіріледі. Бір қарағанда, бір текті гүл болғанымен, әрқайсысының өзіне тән қайталанбас жұпар исі бар. Тамаша.

Ольга Суздалеваның кәсібі алғашында 147 түп гүлден немесе 25 сотық жерден басталған. Қазір 3,5 гектар жерде ландшафты раушан гүлін өсіріп отыр. Бұл – шамамен 138 мың түп. Шаруашылық француз компаниясымен әріптестік орнатқан. Бірақ 100 жылдық тарихы бар компания шыбықтарды ғана жібереді. Жергілікті итмұрынның тамырына отырғызылған гүлдердің бүршіктері бір жылда жайқалып шыға келеді екен.

Ольга Суздалева, шаруа қожалығының басшысы:

- Француздар біздің итмұрынды зерттеп, оң бағасын берді. Итмұрын ғылыми тілде «rosa canina» деп аталады. Тамыздың ортасынан бастап қыркүйекке дейін жемісін жинап, суға шылап қоямыз. Оның ұрығы осындай әдіспен алынады. Қарашаға таман ұрықты себеміз. Ал келесі жылы 15 тамыздан бастап раушан гүлінің бүршіктері итмұрынның тамырына отырғызылады. Ол қыс бойы тұрады. Көктемге қарай гүлдің сабағын қалдырамыз да, итмұрынның шыбықтарын түк қалдырмай кесіп алып тастаймыз.

Итмұрынның тамырынан қуат алып өнген раушан гүлдері түрлі ауруға төзімді, қатты суыққа шыдамды келеді. Күлтесі өздігінен түседі. Ең бастысы, экономикалық жағынан тиімді. Бір ексеңіз, 25 жыл бойы өседі. Шаруашылық Атырау, Орал, Ақтөбе, Ақтау және алматылық көгалдандырушы компаниялармен әріптестік орнатқан. Сонымен қатар франциялық компания Ольга Суздалеваның шаруашылығына гүл көшеттерін ТМД елдеріне сату құқығын беріп отыр. Қазірдің өзінде Ресейдің Тула, Красноярск және Тюмень қалаларымен келісім бар.  

Ольга Суздалева, шаруа қожалығының басшысы:

- Бұдан өзге Баку қаласынан 6 мың көшетке тапсырыс алдық. Үш апта бұрын арнайы өкілдері келіп, біздің жұмысымызбен танысып қайтты. Бакудің теңіз жағасындағы бульварда әдемі гүлзар жасағылары келеді екен. Франциялық әріптестеріміз оларға көшеттерді бізден алуға кеңес беріпті.

Түсірілім жұмыстары аяқталғанша Алматы қаласынан тағы мыңға жуық көшетке тапсырыс түсті. «Жалпы ландашфты раушан гүліне қызығушылық жыл санап артып келеді», – дейді бағбан. Сондықтан гүл егетін алқапты 5 гектарға дейін ұлғайтпақшы.   

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы