366.86 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ҚАЖК бөлімше басшысының ұсталған сәті түсірілген видео пайда болды

  • 100
  • UPD: 17:32, 09.10.2018

Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті арнайы есепке алу бөлімшесінің басшысы пара алды деген күдікке ілінді.

Лауазымды тұлғаның ұсталған сәті түсірілген видеоны Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Брифинг барысында агенттіктің ресми өкілі Жанна Бастарова Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті өкілдерінің ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті арнайы есепке алу бөлімшесі басшысының алаяқтық әрекеттерін әшкерелегенін айтты.

«Ол елордадағы дәмханалардың бірінің маңында өзінің көлігінде сотталушыны Ақтөбе облысындағы түзеу мекемесінен Ақмола облысындағы мекемеге ауыстыру үшін делдал арқылы 2800 доллар пара алды деген күдікке ілінді. Ол бұл үшін жалпы 6800 доллар талап еткен - 2,3 миллион теңгеге жуық. Күдікті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюро қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, оқиға орнынан жасырынып, заттай дәлелдердің - ақшалардың көзін жоймақшы болды», - деп хабарлады Жанна Бастарова.

Бастарова күдіктінің кінәсін толықтай мойындағанын айтып өтті.

«Соттың шешімімен күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үй қамауына алу туралы шешім шықты. Лауазымды тұлғаға қатысты қозғалған қылмыстық іс аяқталып, айыптау актісімен бірге Астана қалалық прокуратурасына жолданды», - деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі.

Хабар 24 телеарнасы