360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-ға қарасты аядай ауылда кәсіпкерлік қарқынды дамуда

  • 149
  • UPD: 21:28, 09.10.2018

Солтүстік Қазақстан облысында Новоникольское деген ауыл бар, деп хабарлайды «Хабар24».

Осы елді мекенді өзгелерге үлгі ретінде көрсетуге болады. Аядай ауылда кәсіпкерлік қанат жайған. Тұрғындардың орташа жалақысы – 180 мың теңге.

Наталья Цих Новоникольское елді мекеніне 1994 жылы көшіп келді. Содан бері шаруашылықта сауыншы болып еңбек етеді. Азаматша шетелдің «Карусель» атты қондырғысын меңгерген. «Шетелдік құрылғы еңбек өнімділігін бірнеше есеге арттырды», - дейді ол.

Наталья Цих, сауыншы:

– Бұрын күніне тек 40 сиырды сауып үлгеретінмін. Қазір небәрі 4 сағаттың ішінде 1000 сиыр сауылады. Керемет емес пе? Елбасы әрқашан көштен шет қалмау үшін сан салаға қолдау көрсетіп келеді. Соңғы Жолдауында өңделген өнім экспортын 2,5 есеге арттыруды тапсырды. Бұл міндеттерді жүзеге асыруға біз дайынбыз.

Новоникольское – еңбекпен жаңарған ауыл. Бүгінде мұнда 1700-ден астам адам түтін түтетіп отыр. Бастысы жұмыс бар. Осының арқасында ауылдағы ағайынның табысы мен тұрмысы жақсарып, әлеуметтің әлеуеті артты.

Сергей Десятов, ауыл тұрғыны:

– Ауылда тұрсақ та, қысы-жазы спорттың кез келген түрімен айналысуға жағдай бар. Осыдан екі жыл бұрын спорт сарайы салынды. Өзім осы жерде туып өстім. Ешқайда көшкім келмейді. Тұрмысымыз қалалықтардан жақсы болмаса, жаман емес.

Шаруашылық тапқан табысының бір бөлігін ауылдың гүлденуіне жұмсайды. Атап айтқанда, соңғы жылдары мұнда мәдениет үйі, спорт кешені, балабақша, хоккей корды сынды әлеуметтік нысандар бой көтерді. Оның үстіне жылда жұмысшыларға 20 шақты үй салынады. Енді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жалпы сомасы 1 миллиард теңгеге көпір тұрғызылып жатыр.

Геннадий Зенченко, коммандиттік серіктестіктің бас директоры:

– Елбасы өз Жолдауында халықтың тұрмыс сапасын арттыру керектігін айтты. Қарапайым халыққа керегі де осы ғой. Бұл ретте, менің ойымша ауыл мен қала арасында айырмашылық болмауы қажет. Біздің шаруашылықта орташа айлық – 180 мың теңге. Қолдан келгенше ауылдың гүлденуіне де жағдай жасап жатырмыз. Барлығы тұрғындар үшін.

Серіктестік қарбыз, қауын және жүзімнен басқаның бәрін өсіреді. Бастысы бүгінгі күні алажаздай баптаған өнімдерді жинап алып, орақ науқанын толығымен аяқтады. Бидай шығымдылығы болса, әр гектарынан 27 центнер болды.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы