366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында өңделген түйе сүті саудаға шығарылды

  • 180
  • UPD: 10:43, 10.10.2018

Елімізде алғаш рет Маңғыстау облысында түйе сүті өңделіп, халыққа табиғи түрде ұсыныла бастады. Жыл басында Түпқараған ауданында іске қосылған сүт зауыты пастерленген түйе сүтін шығаруға көшті.

Алдағы аптада 10 тоннадай түйе сүті мен одан жасалған өнімдер Астана нарығына жол тартады. Кәсіпорын басшылары өнім көлемін көбейту үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының көмегіне жүгінбекші. Елбасы жолдауында бағдарламаның тағы 5 жылға ұзартылатынын естіген кәсіпкерлер қуанып жатыр.

Сүт зауытының бір тәуліктегі қуаты – 12 тонна. Қазір мұнда сиыр сүтінен өзге түйе сүтінен балқаймақ, құрт, ірімшік, шұбат, шалап, жеміс қосылған коктейль секілді 40 түрлі өнім өндірілуде. Жақында кәсіпорын түйе сүтін өңдеп, пастерленген сүт шығаруға көшті. Тәулігіне 3 мың литр сүт өңделіп, Маңғыстау мен көрші Атырау облысындағы сауда нүктелерінде сатыла бастады.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Алдағы аптада пастерленген түйе сүті Астана нарығына шығарылады. Қазір сүт құтыларға құйылып, алғашқы партиясы дайындалып жатыр. Бұл сүттің жарамдылығы 1 ай. Түйе сүті сиыр сүтінен еш кем емес, керісінше өте пайдалы.

Кәсіпорын басшылары алдағы уақытта өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Ол үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының көмегіне жүгінбек. Елбасы жақында жариялаған жолдауында Үкіметке өңдеу секторындағы экспорттаушыларға барынша қолдау көрсетуді тапсырды.  Осы мақсатта  алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлінбек.

Асхатжан Ыбыраев, сүт зауытының директоры:

- Президенттің Жолдауында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын тағы 5 жылға ұзаратынын айтты. Мұны естіп, қуанып жатырмыз. Себебі бұл программа кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Біз де 2020 бағдарламасының көмегін көрдік. 300 миллион теңге кредит алып, оның 10 процентін мемлекет субсидировать етеді. Оның көмегімен біз зауытымызды жақсы дамытып жатырмыз.

Түйе сүтін өндіретін кәсіпорынның ашылуы аймақта түйе шаруашылығын дамытуға да жаңа серпін беруде. Ең бастысы, малының сүтін қайда өткізерін білмей, әбден қиналған шаруалардың мәселесі шешілді. Қазір бірнеше ауылда түйе сүтін қабылдайтын пункттер ашылды. Мамандар сүтті тексеріп, қабылдап алған соң, арнайы  көліктермен тікелей зауытқа жеткізеді.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы