366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ азаматы елімізге мұхиттың арғы жағынан турист келтіріп жүр

  • 93
  • UPD: 12:20, 10.10.2018

Қазақстанға келіп кеткен американдық туристер елімізге риза. Бірақ қонақтардың алдында кездесетін кейбір қиындықтарға да назар аударып жүр.

Биыл жазда Қазақстанға Жапония, Испания және АҚШ-тан 38 турист әкелген кәсіпкер Дэвид Валера осы мәселелерді шешуге болады деп санайды.

Табысты кәсіпкер Дэвид Валераның кеңсесі әйгілі Рокфеллер орталығында орналасқан. Ол негізгі жұмысымен қатар уақытының бір бөлігін Қазақстандағы жобаларға арнайды. Одан аса бір пайда таппаса да өзі секілді адамдарды жинап, біздің елге алып келмек. Былтыр жазда Дэвид осындай сапарды сәтті ұйымдастырған.   

Дэвид Валера, АҚШ-тан Қазақстанға сапарлар ұйымдастырушы:

- Қазақстанда көруге тұрарлық орындар көп. Ертіп барған қонақтарымның ол жақтан жақсы әсер алып қайтқанына ризамын. Дегенмен, қазақ елі әлі де біраз жұмыс атқарулары керек. Әсіресе көлік инфрақұрылымын жақсарту қажет. Мысалы, бізге Катон-Қарағайға жету оңайға түскен жоқ. Теміржол қатынасы болса, жол жеңілірек болар еді.

Америкалықтар туристерге арналған дәстүрлі бағыттардан бас тартқан. Қымбат қонақүйлерге тоқтамай, қалалардан аулақ жүруге тырысты. Оларды ауылды жердің тұрмысы, тарихи ескерткіштер және табиғи ландшафттар қызықтырды. Ауыл мектептерін аралап, қазақ тойларында да болып қайтты.

Дэвид Валера, АҚШ-тан Қазақстанға сапарлар ұйымдастырушы:

- Біз Катон-Қарағай, Бурабай, Астана, Алматы, Мерке, Шымкент, Өскемен, Түркістанды араладық. Аталған жерлердің барлығы таңғажайып тарихымен туристерді баурап алды. Дегенмен, қонақүйлердегі қызмет көрсету сапасын арттырып, ағылшын тілінде сөйлейтін қызметкерлер санын көбейтулеріңіз керек деп ойлаймын.

Дэвид Валераның Қазақстанды аузынан  тастамайтынын бәрі жақсы біледі. Қайда жүрсе де елімізді мақтан етіп, өзін қазақпын деп атайды. Тіпті америкалық бір телеарна Қазақстан туралы әңгімелерімен қалың көпшілікпен бөлісуді сұраған.

Дэвид Валера, АҚШ-тан Қазақстанға сапарлар ұйымдастырушы:

- Үкіметтеріңіз Қазақстанға туристерді тарту үшін көп еңбек атқарып жүргенін білемін. Дегенмен, бұл  елдеріңіз үшін жаңа сала болғандықтан, өз қаржысын жұмсап,  америкалықтарды әкеліп жүрген мен сияқты кәсіпкерлермен тығыз жұмыс істеулеріңіз керек деп ойлаймын.  

Саяхатшы Қазақстандағы туризм саласы жайлы айта келіп, біздегі қоғамдық тамақтану орындарындағы сервистің әлі де толық жетілмегеніне тоқталды. Сондай-ақ күре жолдарда лайықты қызмет көрсетілмейтініне де қынжылды.

Дэвид Валера, АҚШ-тан Қазақстанға сапарлар ұйымдастырушы:

- Мысалы, мен Шымкенттен Түркістанға және Астанадан Бурабайға көлікпен барғанмын. Жол бойында ыстық тамақ ішетін кем дегенде 2-3 тұрақ болуы тиіс. Оның орнына, біз кофе мен чипсы сатылатын кішкентай жанармай бекеттерін ғана көрдік. Мейрамханалардағы қызмет көрсету сапасы да көңіл көншітпейді.

Жақын арада Дэвид Валера тағы да Қазақстанға жол тартпақ болып, туристер тобын жинап жүр. Елімізді екінші үйі ретінде санайтын ол, тікелей әуе рейстерінің ашылуын армандап жүр.

Авторлары: Майра Абдрахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы