365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Семейде орман іргесінен шағын аудан бой көтеріп келеді

  • 118
  • UPD: 15:07, 10.10.2018

Семей қаласында қарағайлы орманның іргесінен жаңа шағын аудан бой көтеріп келеді.

Мұнда «Абай арена» сауықтыру-демалыс кешені, көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Мұның бәрі Елбасының биылғы халыққа Жолдауында айтылған міндеттерге сәйкес ел игілігіне қызмет етіп, тұрмыс сапасын одан әрі жақсарта түсері анық. Шаһарда шағын және орта бизнес те дамып, автоқұрастыру саласы тың серпін алмақ.

Елбасы биылғы Жолдауында бизнесті дамытып, кәсіпкерлікке кедергілерді азайту жөнінде Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Әсіресе шикізаттық емес саланы дамытуға ерекше мән берілді. Құрылғанына 10 жылдан асқан Семейдегі автобус құрастыру кәсіпорны іргелі жобаларды жүзеге асырып келе жатқан зауыт. Биыл қазақстандық машина жасаушыларды қолдау бағытында отандық автобустармен қамтамасыз ету жөнінде Үкімет кешенді бағдарлама қабылдаған болатын. Бұл құжатқа сәйкес жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар жеңілдетілген несиемен Қазақстанда жасалған автобустарды ала алады.

Асемхан Досқожанов, автобус құрастыру зауытының бас директоры:

- Мына бағдарлама өте дұрыс келіп тұр. Неге десеңіз, автобустардың бәрі 10 жылдан асып кеткен ескі болғаннан кейін оларды ауыстыру керек. Алматы мен Астана қаласы ғана жаңартылған. Болашақта барлық қалаларды ауыстыру керек, көп жұмыс істеу керек әлі. Біздің зауыт жылына мыңдай автобус шығара алады.

Жолдауда халықтың тұрмыс сапасын арттырудағы басым бағыттың бірі – денсаулық сақтау жүйесі екені айтылды. Осыдан 5 жыл бұрын пайдалануға берілген жедел жәрдем ауруханасында да игі өзгерістер көп. Мұнда соңғы жылдары озық құрал-жабдықтар орнатылып, жақында политравма және ортопедия орталығы ашылған болатын. Жаңа орталық республикалық травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығының жетекші мамандарымен бірге ішкі протездеу және күрделі жарақаттарды емдеуге мүмкіндік береді. Бұл аурухана өңірдің 9 ауданына қызмет етеді.

Ерлан Бүркітов, жедел медициналық жәрдем ауруханасының директоры:

- Біздің аурухана әлемдегі озық емдеу тәсіліне көшкен. Яғни 3 аш жүйесі енгізілген. Бұл жүйенің ерекшелігі – науқастарға сапалы қызмет көрсетуге бағытталған. Қабылдау бөліміне түскен адамға бірден оның жағдайына қарай ауыр, орташа және жеңіл деген сұрып жасалып, тиісінше жедел сапалы көмек көрсетіледі.

«Қарағайлы» шағынауданы жаңадан бой көтеріп келе жатқан аумақ. Шаһардың шарықтап дамуына серпін беретін нысандар көп мұнда. Көпқабатты тұрғын үйлер, Абай арена спорттық-сауықтыру кешені салынып жатыр. Семейліктер осы көрікті үйлерден Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы бойынша жасалған «7-20-25» бағдарламасы аясында баспана алмақ ниетте. Ал балдырғандар үшін есігін айқара ашқан балабақшаның жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады. Нысанды салуға жеке кәсіпкер 900 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсапты. Жас ұрпақтың сапалы тәлім-тәрбие алып шығуы үшін мұнда барлық жағдайлар жасалған.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы