365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да жолдауда жүктелген міндеттер орындалып жатыр

  • 128
  • UPD: 17:22, 10.10.2018
ШҚО-да жолдауда жүктелген міндеттер орындалып жатыр

Ел экономикасының өрлеуі өңірлердің даму көрсеткішімен тікелей байланысты.

Бұл тұрғыда Шығыс Қазақстан облысының қосып отырған үлесі айтарлықтай. Мәселен, тек қыркүйек айында өңірде 1 триллион 800 миллиард теңгенің өнеркәсіптік өнімі өндірілген. Адами капиталды дамытудағы жетістіктер де бір төбе. Аймақта тұрғындарға медициналық қызмет көрсететін ең озық технологиялы емдеу мекемелерінің саны артып келеді. Ал білім беру саласында оқушылардың мектеп партасынан бастап роботты техника тетіктерін меңгеруіне басымдық беріліп отыр.

Биылғы жолдауында да Елбасы әдеттегідей медициналық қызмет сапасын арттыруға ден қою керегін баса айтты. Аталған тапсырма Шығыс Қазақстанда белсенділікпен орындалып келеді. Таяу жылдары облыстағы ең негізгі ауруханалар мен емханалар халықаралық деңгейдегі медициналық құралдармен жабдықталады. Соңғы екі жылда бұл мақсатта 19 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Келер жылы тағы 6 миллиард теңге қарастырылмақ. Шалғай аудандағы Алтай және Аягөз қалаларында инсульт орталығы ашылды. Бұндай соңғы медициналық технология жетістіктерімен жабдықталған мекемелерде жұмыс істейтін мамандар шет елдерде жүйелі түрде біліктіліктерін арттырады.

Марат Шоранов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы:

- Бірнеше жылдан бері дәрігерлеріміз жыл сайын ең үздік Еуропа елдерінде тәжірибе шыңдап келеді. 2016 жылы 12 маман Ұлыбританияда дәріс алды, ал өткен жылы 61 әріптесіміз өз кәсіптерін тереңдетіп келді. Біз бұл әдісті одан әрі жалғастырамыз. Өйткені дәрігерлер кәсіби қызметінің соңына дейін жаңашылдықты үйреніп отыруы қажет.

Роботтандырылған хирургия, трансплантология облыс үшін сәтті басталған жобалар қатарында. Сонымен қатар қазір өңірдегі барлық ауруханалар цифрлық қызмет көрсету тәртібіне ауысуда. Кезекке тұру, дәрігерге жазылу, талдама қорытындысын алу немесе қажетті дәріні іздеу сияқты шаруалар ғаламтор арқылы атқарылатын болған. Білім саласы да жаңашылдықтан қалыспай келеді. 277 IT-сыныптың ашылуы осыған айғақ. Президенттің биылғы жолдауындағы тапсырмаға сай Өскемендегі мектептердің біршамасы Назарбаев зияткерлік мектептерінің білім беру әдісін негізге алған.

Шынар Бабатаева, №46 орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі:

- Бұл сыныптарды біз тек Назарбаев мектептерінен көріп армандаушы едік, енді өзіміздің мектебімізде ашылып отыр. Бұл сыныптардың мүмкіншіліктері жоғары, информатика сабағына қосымша ары қарай тереңдетілген негізгі пәндерді оқытуымызға болады.

Биылғы жолдауында Елбасы өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі дамыту керектігін айтып, осы бағыттағы қаржыландырудың артқандығын жеткізді. «Бұл әкімдердің өңірлердегі өткір проблемаларды шешуіне ықпал ету керек», – деді Президент. Осы бойынша облыста жол сапасын барынша жақсартып, жолаушыларға қауіпсіз әрі жайлы қатынас орнату назарда. Сондықтан Бұқтырма, Көгілдір, Бұғаз, Рахман бұлақтары сынды демалыс базаларына апаратын ең маңызды жол бөлігі қазір жөнделіп жатыр.

Айдын Майусов, мердігер мекеменің Алтай ауданы бойынша филиалының директоры:

- Өңірде ірі автобандар салынып жатыр, болашақта да салынатын болады. Осылайша жол бойындағы шағын және орта бизнестің дамуы да қарқындайды.

«Нұрлы жер» жобасы аясында биыл 410 мың шаршы метр баспана салынбақ. Ал ел экономикасының басты тірегі ауылшаруашылық саласы бүгінде шетел нарығын көпкөрім бағындырып келеді. Мәселен, биыл жыл басынан бері 450 мың тонна дәнді-дақыл Иран, Испания, Түркия сынды елдерге жіберілген екен.

Авторлары: Э.Ахметова, А.Төлепов, Д.Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы