366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бақытжан Сағынтаев Елбасы тапсырмасымен ШҚО-ға барды

  • 172
  • UPD: 23:38, 10.10.2018

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Елбасының тапсырмасымен Президент жолдауының басым бағыттары мен міндеттерін түсіндіру үшін Шығыс Қазақстан облысына барды, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасының тілшісі.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдаудан кейінгі алғашқы сапары аясында Үкімет басшысы Семей мен Өскемен қалаларында болып, қоғам өкілдерімен және жергілікті активпен кездесті.

Бақытжан Сағынтаев сондай-ақ өлкедегі өндіріс ошақтарында болып, отандық машина жасау кәсіпорындарының, шағын және орта бизнестің жұмысымен танысып, денсаулық сақтау, білім беру салаларының мәселелерін талқылады. Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары Елбасы жолдауын толық қолдайтындықтарын жеткізді.

Халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту – жалпыұлттық негізгі мүдде. Ел Үкіметі бүгінде Елбасының осы мақсатта қойған талап тапсырмаларын орындау үшін барлық шараларды қарастырып жатыр. Семей қаласына сапары барыснда Премьер-Министр ондағы жұртшылықпен бірге Елбасы жолдауының негізгі бағыттарын талқылады. Алдағы 3 жыл ішінде жолдауды іске асыру үшін жалпы 1 триллион 750 миллард теңге қаражат қарастырылмақ. Мәселен, дәл қазір Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін 1,5 есеге көтеру туралы бастамамен айналысуда. Жалақының өсуі келесі жылдың 1 қаңтарынан басталады. Яғни бұл 1 миллион 300 мың жалдамалы жұмысшының еңбекақысы 30 пайызға, ал бюджеттік саладағы азаматтардың еңбек табысы 35 пайызға артады деген сөз. Шығысқазақстандықтар бұл бұл ойды белсене қолдап отыр. Тіпті біршама кәсіпкерлер жұмысшыларының жалақысын көтеріп те жатыр. Солардың басында Семейдегі автоқұрастыру зауыты тұр.

Әсемхан Досқожанов, Daewoo Bus Kazakhstan ЖШС бас директоры:

- Былтыр біз Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасы бойынша облыстағы мектептерді озық құрал-жабдықтармен қамту жөніндегі жобаға атсалысып, қомақты қаражат бөлдік. Биыл да Мемлекет басшысының халыққа арнаған жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруға дайынбыз. Өз тарапымыздан кәсіпорындағы жұмысшылардың ең төменгі жалақы деңгейін 50 пайызға көтеру жөнінде шешім қабылдадық.

Сондай-ақ Үкімет басшысы халықтың әл-ауқатын арттыру мен шағын және орта бизнесті дамытуға орай қойылған міндеттерге, өмір сүруге жайлы да қауіпсіз орта қалыптастыру, білім беру тетіктерін жетілдіру жолдары сынды өзекті бағыттарға ерекше тоқталды. Бұл тұрғыда Президенттің «Педагог мәртебесін көтеру туралы» берген тапсырмасы ғұмырын ұстаздыққа арнаған жас мұғалімдерге ерекше шабыт сыйлауда.

Қуаныш Бақытжанұлы, тарих пәнінің мұғалімі:

- Осы жүргізіліп отырған реформаларға және негізгі алып отырған бөлім ретінде еліміздің барлық ұстаз, мұғалімдері жақсы көңіл-күйде қабылдады. Жалпы жасырын емес, мұғалім кадры жеткіліксіз, осыған байланысты сапалы білім алу үшін оның жүктемесі стандартты деңгейде болуға тиіс. Осыған орай мұғалімдердің мәртебесіне байланысты оларды артық жүктемеден арылтып, мұғалімдерге жағымды жұмыс орнын қамтамасез ету керек деген ойдамын.

Өңірдегі ауыл және мал шаруашылығы мамандары да салаға заманауи, үздік әдістерді тартуға талпыныс жасап жатыр.

Зейнолла Тоқаев, ветеринария ғылымдарының докторы:

- Елбасы айтқанындай, жылына 60 мың тонна ет шығару керек болса, ол қандай ет? Ол халықаралық деңгейдегі стандартқа сай болуы керек. Қазір барлық жоғары оқу орнындағы ғалымдар да, ғылыми-зерттеу институты ғалымдары да тікелей шаруашылыққа барып, Елбасының тапсырмасын орындау үстінде. Қай шаруашылықтың деңгейі дұрыс, болмаса асылдандыру керек, оны қалай асылдандыру керек? Соны мамандармен қосылып осы күнде шарт жасап, сол істерді алға жұмылдырудамыз.

Айта кету керек, жұмысшылардың жалақысын көтеру туралы бастаманы Бақыршық тау-кен өндірісінің ұжымы да қолдады. Үкімет басшысы өндіріс тынысымен толық танысып шықты. Жалпы бизнес өкілдері бірауыздан Елбасы жолдауын қолдайтындықтарын жеткізді. Премьер-Министр сапар барысында медицина, білім салаларындағы Мемлекет басшысы тапсырамаларының орындалу деңгейіне арналған шаралар барысына жоғары баға берді. Жалпы, шығысқазақстандықтар Президент жолдауына айрықша қолдау көрсететіндіктерін жеткізді.

Авторлары: Э.Ахметова, Д.Пыхтин, Болат Көкенайұлы

Хабар 24 телеарнасы