360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарлықтар қатерлі ісікке жиі шалдығады

  • 145
  • UPD: 11:34, 11.10.2018

Павлодар облысының тұрғындары қатерлі ісікке жиі шалдығатын көрінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онкологиялық аурулар бойынша өндірісті өлкедегі өлім көрсеткіші республика көлемінде екінші орында тұр. Соған қарамастан, облыста қатерлі ісікті ерте бастан анықтау көрсеткіші де жоғары. Бүгінде Ертіс өңірінде толыққанды онкологиялық қызмет түрі қалыптастан. Қалалық емханалармен қатар, ауылдық амбулаториялардың өзінде онколог-дәрігерлер жұмыс істейді.

Бүгінде онкологтар қатерлі ісіктің ең көп кездесетін түрлерін анықтайды. Бұлар – сүт бездері, тері, асқазан, және ішек жолдарының обыры. Мамандар скрининг барысында осы ағзаларға жіті мән береді. Павлодардағы №2 қалалық емханаға 64,5 мыңдай қала тұрғыны тіркелген. Емдеу мекемесі онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтауда облыс бойынша үздік нәтиже көрсетіп отыр.

Қалитан Батырғожинов, онколог:

– Скрининг бойынша биылғы жылы 11 адам анықталды. 11 адамның 8-і сүт безі обыры. Біреуі ішек жолдарының обыры, екеуі жатыр мойнының обыры. Олар ем қабылдап жатыр. Барлығы да тіркеуде.

Павлодардың онкологиялық диспансерінде бүгінде білікті мамандар еңбек етеді. Олар қатерлі ісік жасушаларын жоюда шағын инвазивті эндовидеоскопиялық тәсілді кеңінен қолданады. Осының арқасында жылына 200-ден астам адам қауіпті дерттен айығып жатады.

Ульфат Борамбаев, қалалық онкологиялық диспансердің бөлім меңгерушісі:

– Біз қазір сараптамалық деңгейге көтерілдік деп сеніммен айта аламын. Өйткені емдеудің тың тәсілдерін қолданумен қатар басқа өңірлердегі әріптестерімізге де көрсете аламыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішек жолдары мен асқазан ісігінің 25 пайызына лапороскопиялық әдіс қолданылды. Әйелдердің денсаулығын жақсартуда тың тәсілдер өз жемісін берді.

Қазір қалалық онкологиялық диспансерде 11 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Олардың жартысынан көбі қатерлі ісікпен 5 жылдан астам уақыт өмір сүріп жатыр. Бұл жаман нәтиже емес.

Тельман Әлғожин, қалалық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары:

– Бұған ең алдымен емдеу тиімділігі арқылы қол жеткіздік. Бізден емделіп шыққан науқастардың көпшілігі қалыпты өмір сүріп жатыр. Жағдайды жақсарту үшін емдеу тиімділігін арттырудың маңызы зор. Неғұрлым ерте анықталса, ем де нәтижелі болады.

Мамандардың сөзіне сенсек, аймақтың онкологиялық ахуалы келешекте жақсара түспек.

Қарлығаш Қасиетова, twitter@kasietova

– Павлодардың онкологиялық диспансерінде күніне 5-6 операция жасалады. Онкохирургтерге түсетін салмақ өте жоғары. Сондықтан мамандар жаңадан құрылысы жүріп жатқан онкологиялық орталыққа зор үміт артып отыр. Онда 5 операциялық зал болады және соңғы үлгідегі заманауи медициналық құрылғылар орнатылады. Бұл халықтың денсаулығын нығайтып, қатерлі ісіктің алдын алуға мүмкіндік бермек.

Авторлары: Қ.Қасиетова, Самат Оспанов, Алекскей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы