365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Паллиативті көмек кімдерге көрсетіледі?

  • 139
Паллиативті көмек кімдерге көрсетіледі?

Елімізде 2013 жылдан бері науқастарға паллиативті көмек көрсетудің кешенді жүйесі жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрылғанына көп болмаса да, ем қонбайтын науқастардың өмірін жақсартуға бағытталған медицинаның бұл саласы қазір өзінің қажеттілігін дәлелдеуде.

Қатерлі ісік ауруының төртінші клиникалық тобына жататын науқастарға паллиативті көмек көрсететін мобильді топтың бақылауында қазір 200-ден аса науқас бар. Оларды тіркеуге алған сәттен бастап үй жағдайында емдік шаралар тағайындап, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Толғанай Аңсатпаева, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының дәрігері:

– Әсіресе, ауырсынуды басу емдік іс шараларын жасаймыз. Өзіміздің есебімізге алғаннан бастап науқастың соңғы деміне дейін жәрдем береміз. Және науқас қайтқаннан кейін де, ағайын-туысқандарына психологиялық жәрдем береміз.

Тағдырдың үкіміне мойынсұну оңай емес. Алғашқы кезде, көмек қолын созған мобильді топтан бас тартса да, уақыт өте келе ауыр дерттің уытын қайтарып, тұңғиыққа тартқан ауыр ойлардан арылу үшін кәсіби мамандардың көмегіне жүгінетіндер бар.

Толғанай Аңсатпаева, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының дәрігері:

– Науқастың дерті ушығып, үй жағдайында бақылау мүмкін болмаған жағдайда ол паллиативті орталыққа орналастырылады. Дәрігерлер мұндай жандарға жан жылуын сезіндіріп, мейірім сыйлауға барын салады.

Сұлу Садықова, паллиативті көмек көрсету орталығының директоры:

– Мұндай орталықтың болуының өзі аз да болса үміт сыйлайды, жеңілдік береді. Науқастар психологиялық тұрғыда көмек алады. Паллиативті көмек, сонымен қатар науқастың туыстары үшін де аса қажет. Жаны қиналған жақыныңа көмек көрсете алмаудан артық қиындық жоқ.

Паллиативті көмектің тағы бір тармағы – медбикелік күтім ауруханасы. Мұнда қарайтын адамы жоқ жалғызбасты қарттар, инсульт алған науқастар 20-30 күнге дейін ем қабылдай алады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Қанат Қаматаев

Хабар 24 телеарнасы