366.86 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өскеменде көмірге ұзын сонар кезек қалыптасты

  • 79
  • UPD: 20:44, 11.10.2018

Өскеменде көмір  қоймасының басында тағы да ұзын сонар кезек қалыптасты. Осылайша соңғы күндері  шаһарда отын мәселесі ушыға түскен.

Тұрғындардың айтуынша, тапшылықты көмірді бірнеше тонналап сатып алып, оны  жұртқа қайтадан  үстеме бағамен өткізіп жатқан алыпсатарлар қолдан жасап отыр.  Ал қысқа қам жасап жатқан халық  өз кезектеріне жете алмай әлек.

«Өскемен 1» теміржол тұйығындағы көмір қоймасының кіре берісіндегі кезектің соңына жетіп болмайсыз. Бұл жерде таңнан тұрған көлік жүргізушілері тіпті бір-бірін таптап өтуге дайын.  Алыпсатарлар  әлеуметтік санаттағы отынды алуға келгендердің алдын орап кетіп жатыр.

Николай Кондратьев, көмір қоймасының директоры:

- Жалпы кезекке ешкімнің тұрғысы жоқ, олар үшін бұл тиімсіз. Алып сатарлар қаладағы адамға көмірді жеткізіп беру үшін 18-20 мың теңге  сұрайды,ал Бұқтырма сынды шалғай аудандар үшін тіпті жеткізу бағасы 60-70 мың теңгеге жетеді. Әлеуметтік  бағадағы  отынды жеткізу бағасы бекітілген – 6 мың теңге.

Жасы 60-ты еңсерген Татьяна Петрова  өзіне тиесілі арзан көмірді 2 ай күтіпті. Жуық арада қар жауады дегенді естіген қария, қымбатына қарамастан отынды алыпсатарлардан алуға мәжбүр.

Татьяна Петрова, зейнеткер:

- Мен таңғы 8-ден осында тұрмын,бар жоғы екі тонна көмірге қолым жетпей-ақ қойды. Тіпті сол үшін міне мына жеткізушілерге 15 мың төлеуім керек.

Сала басшылары  өңірде отын тапшылығы жоқ,ол тек қолдан жасалып отыр дегенді алдыға тартады. Шығыс Қазақстанға осы айдың басында  840 мың тонна көмір жеткізіліпті,бұл  жылдық өңірішілік қажеттіліктен 70 пайызға артық. Өлкеге қара алтын жеткізумен айналысатын 20 ресми мекеме бар екен. 

Мұрат Мұсатаев, облыстық  энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

- Қазір жеке жүк көлігі барлардың бәрі отын жеткізіп беру бойынша бизнеспен айналысуда. Сондықтан  да ол жерде  күн сайын ұзақ кезек пайда болады. Біз әрине бұл бизнеске еш кедергі келтірмейміз, бірақ көмір тарату кестесін реттеп, қойманың отынсыз қалмауына жағдай жасаймыз.

Көмір нарығындағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында облыста тағы қосымша 3 қойма ашылмақ. Ал Зайсан ауданындағы Сайхан көмір кенінен қарашаның соңына дейін 25  мың тонна отын өңделіп, сол маңдағы ауыл-аймақ сұранысын қамтуға жұмсалады.

Авторлары: Э.Ахметова, Д.Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы