360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өскемендегі кәсіпорындар ауаны шамадан тыс ластап отыр

  • 102
  • UPD: 21:02, 11.10.2018

Кәсіпорындарда экологиялық бақылауды күшейту. Онлайн мониторинг жүйесін іске қосу. Президент Қазақстан халқына жолдауында осындай тапсырмалар берді.

Еліміздің шығыс өңірінде бұл бағыттағы алғашқы қадамдар жасалған. 2011 жылдан бастап республика бойынша тұңғыш рет Өскемен қаласының тұрғындары экологиялық ақпаратты нақты уақыт режимінде біліп отыру мүмкіндігіне ие болды. Қазір осы жобаны жетілдіру қолға алынды. 

Қазақстанның шығыс өңірі  – өнеркәсіптік өңір. Мұнда 5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Солардың 128-і бірінші санатқа жатады. Демек, экологияға тікелей қауіп төндіретін де дәл солар. Олардың жылына атмосфераға 188 мың тонна зиянды заттар тастауға құжат жүзінде құқығы бар. Тексерулер осы эмиссиялардың шамадан тыс көп екендігін көрсетті. 

Дмитрий Кавригин, облыстық  экология  департаментінің басшысы:

- Президент өзінің халыққа Жолдауы барысында мемлекеттік органдарға кәсіпорындарды, табиғат қорғау заңнамаларын бұзушыларды бақылауды күшейтуді, олардың жауапкершілік дәрежесін көтеруді тапсырды. Бұл біз үшін үлкен жетістік екені сөзсіз.  1 жарты жылдықта  102 рет тексеру жүргізілді. Жалпы сомасы 28 миллион теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 120 қаулы шығарылды. Ал келген залалдың жалпы сомасы 180 миллион теңге.  

Айыппұлдардың басым бөлігі бюджетке түскен. Бірақ бұл бұзушылықтар фактісінің көрсеткішін өзгертпейді. 

Равиль Битимбаев, қала тұрғыны:

- Көшеге шыққанда тыныс алу қиын, аузымызға қандай да бір металдың дәмі келеді. Меніңше, бұл жақсы емес. Мұны қалай да жөндеу керек, шешу керек. 

Адамдар қандай ауамен дем алып жүргенін білуі үшін Өскеменде 7 жыл бойы аймақтық  автоматтандырылған өнеркәсіптік-экологиялық мониторинг ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Облыс орталығындағы  қазір 9 нүктеде онлайн режимдегі арнайы датчиктер орнатылған. Олар ауадағы
8 зиянды заттардың шоғырлану көлемін көрсетіп отырады.

Геннадий Корешков, облыстық экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры:

- Кез келген жағдайда қарауыңызға болады. Оның үстіне мұнда адамның  көмегі керегі жоқ. Ал Гидрометтегілер ластануды бақылау үшін алдымен сынаманы алады. Оған 20 минут кетеді, сосын зертханаға әкеледі, оған 8-10 сағат кетеді. Демек, олар ақпаратты кеш алады.

Ал экологиялық қауіпсіздік орталығындағылар жедел әрекет үшін жұмыс істейді. Оның үстіне мәліметтерді көрген соң, жауапты шараларды кәсіпорындардың өздері қолданады.

Ендігі жоспар – жүйені жетілдіру. Оған тағы 100-ге жуық датчиктер орнатуға тура келеді. Содан кейін судың сапасын да тексеруге болады. Ал Экология департаменті жұмысын әрі қарай жалғастыруда.  Кәсіпорындарға 2020 жылға дейін  осындай  автоматтандырылған құрылғыларды орнатуды талап қылып отыр . Себебі осының арқасында ауаның жай-күйі туралы ақпаратты ғана емес, оның нашарлауына нақты кімдер кінәлі екенінде анықтауға  болады. 

Авторлары: Әнел Есенбердина, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы