366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемдік діни көшбасшылар съезі – террордың алдын алу тетігі

  • 168
  • UPD: 21:13, 11.10.2018

Соңғы уақытта әлемде дінаралық және этносаралық қақтығыстар белең алып барады. Теріс пиғылдылар дінді желеу етіп адамзатқа қауіп төндіріп жүр.

Жаһан жұртын алаңдатып отырған осы сынды өзекті мәселелер бүгін Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде талқыланды.  

Съездің екінші күні. Мәртебелі меймандар таңсәріден  «Бейбітшілік қабырғасы» монументіне ат басын тіреді. Бұл түрлі конфессия өкілдерінің  ядролық қару-жарақтан бас тартқан қазақ еліне, жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі үшін құрметі. Әлемдік дін басшылары бір уақытта мінажат етті. Олар өз ұстанымдарына сай сыйынды. Барлығының мақсаты бір, мүддесі ортақ. Бейбіт елде берекелі өмір сүру.

Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін. Бұл ретте Қытай буддистері Қауымдастығы төрағасының орынбасары Чунь И барлық игі іс адамзат үшін, бейбішілік бастамаларға негізделуі тиіс екенін  айтты. Осы ретте Ұлы Абайдың  «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға» өлең жолдарынан үзінді келтірді. Жалғыз буддистер ғана емес, бүкіл съез қатысушылары әр адам жақсылық жасауды өзінен бастауы қажет деген үндеу жолдады.

Антоний Пантелиб, епископ /Сербия/:

- Қазір адамзат жаһандық қауіптерге қарсы тұру жөніндегі бірыңғай және жалпыға ортақ  төтеп беру кезеңінде  тұр. Экстремизм мен терроризмге қарсы тұру бүкіл халықаралық қоғамдастықтардың, мемлекеттерге тиесілі іс. Мұндай мәселелерді шешуде діннің рөлі  мен маңызы зор. Сондықтан осында жиналған түрлі конфессия өкілі өз елдерінде  бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүру үшін белсенді  жұмыс жүргізуі қажеттігін қаперге салды. Бұл ретте қазақ елінің тәжірибесі жаһан жұртына үлгі. 

Дінбасылары өркениетаралық қарама-қайшылықтың алдын алуда жаһандық қауіпсіздіктің жаңартылған жүйесін құру қажет деп отыр. Руханият пен адамгершіліктің негізі ретінде діндер геосаясаттың аса қажетті құралы. Дегенмен, кейбір теріс пиғылдылар дінді арандату үшін  өз мақсаттарына желеу етіп отыр. Сондықтан мемлекеттер діни ілімнің қуатты ықпалдастырушы әлеуетіне мұқтаж.

Саидмукаррам Абдукодирзоде, Тәжікстан Республикасының Ғұламалар кеңесінің төрағасы:

- Терроризмді исламмен байланыстырмау қажет. Бұл үлкен қателік болады. Террорлық топтардың жасап жатқан әрекеттерінің исламға еш қатысы жоқ. Осыны дұрыс түсіну қажет. Себебі ислам зорлық-зомбылықтан, терроризмнен алшақ тұрады. Ислам бейбітішілік, келісім діні.  Көп жағдайда терроризм дінаралық татулықтың, өзара достықтың болмауы салдарынан туындап жатады. Сол себепті Астанада өтіп жатқан съезд дінге қатысты барынша өзекті мәселелерді талқылап ғана қоймай, олардың арасындағы кикілжіңді шешуде, терроризм, экстремизм көріністерінің алдын алуда тиімді әрі таптырмас қызмет атқарып отыр. 

Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйсек. Алдымен қазақ елі жаһан жұртына бейбітшілікті, тұрақтылықты, тыныштықты қолдайтынын тағы бір паш ете білді. Екіншіден, алқалы жиын қатысушылары руханият, діни дәстүрлердің рөлін арттыруға бағытталған құнды бастамаларды көтерді. Нәтижесінде қорытынды декларациясы қабылданды. Енді осы шараның басы қасында болған әр бір адам съезде айтылған өзекті ойларды жүйелі жүзеге асыруы тиіс.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы