366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде балалар әдебиетіне қызығушылық қандай?

  • 169
  • UPD: 21:45, 12.10.2018

Қостанайлық оқырмандар балалар әдебиетін жазатын қаламгерлермен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл шара өңірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық лекторий аясында мүмкін болды. Этномәдени бірлестік өкілдері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Қазақтану» жобасын жүзеге асыру барысын талқылады.

Бала тәрбиесінде кітаптың маңызы зор. Филология ғылымдарының докторы Нұрсұлу Шәймерденованың шығармалары туған жердің тарихын, этносаралық келісімді дәріптеуге негізделеді. Қаламгердің балаларға арналған еңбектері әлемнің он бір тіліне аударылған.

Оэлун Айтбай, Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушысы:

– Маған Нұрсұлу Шәймерденованың кітаптары қатты ұнайды. Өте қызықты. Оның кітаптарын оқыған кезде терең ойға түсесің және өте мағыналы.

Нұрсұлу Шөптібай, Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балалар мектеп-интернатының оқушысы:

– «Әдемі Қоқиқаз» деген кітапты оқыдым. Оның ішінде маған ұнаған кейіпкері – Махаббат. Мен сол кейіпкерден жақсы болуды, адамдардың арын сатпауды, дос болуды үйрендім.

Қазір қазақстандық авторларға шетелдік әріптестермен бәсекеге түсу оңай емес. «Жазатын шығармада қызықты тың деректер келтіру арқылы өз еліңнің ерекшеліктерін насихаттау, оқырман талғамынан шығудың бірден-бір жолы», – дейді Нұрсұлу Шәймерденова.

Нұрсұлу Шәймерденова, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі:

– Шетелдік ертегілерді балалар көп оқиды. Қазақшаға аударылғандары да бар. Бірақ өзіміздікі басқаша. Австрияға барған кезде балаларға оқыдық. Олар Қазақстанмен танысты.

Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының 10 мыңға жуық оқырманы бар. Өкініштісі, мұндағы 165 мыңдай кітап қорының дені шетелдік әдебиеттердің үлесінде. Қазақ тілді туындыларды сөрелерден сирек табасың.

Зоя Әлмұқанқызы, кітапханашы:

– Жас авторларға көңіл көп бөлсек, жас жазушыларды қолдап жүрсек, қашанда біздің оқырмандарымыз көбейеді. Әрине, қазір компьютер заманы.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Қазақтану» жобасы аясындағы дәрістерді ғалымдар облыстағы екі қала мен ауданда өткізеді. Қостанайдағы «Қазақтану» республикалық лекторий отандық ойшылдар, әдебиетшілер мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосты. Екі күнге созылатын жоба барысында қазақ мәдениеті мен төл тарихын, философиясын, сондай-ақ құндылықтарын қазақстандық этностар арасында дәріптеу тұрғысында дәрістер оқылады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы