366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қатерлі ісіктің Қазақстанда қарқын алуына не себеп?

  • 309
  • UPD: 21:44, 12.10.2018

Обырдың алдын алу һәм емдеу үшін қазынадан қыруар қаржы бөлініп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ біздің медицинада бұл проблема әлі өзектілігін жойған жоқ. Жалпы адам өмірін жалмайтын бұл ауру қайдан келеді?

Қатерлі ісік – кей жағдайларда тұқым қуалауы мүмкін. Сондай-ақ темекі, арақ-шараптың кесірінен жүре пайда болады. Және тағы бір себебі – дұрыс тамақтанбау.

Қорған Төреқожа, тілші:

– «Ас - адамның арқауы» деген бекер емес. Әрине, дұрыс тамақтансаңыз ғана арқау. Әйтпесе «Ауру – астан» деген де мәтел бар. Айтайық. Жасанды химикаттар мен газдалған сусын, тұздалған және сүрленген азық-түлік, картоп қытырлағы, қысқа толқынды пештен шыққан попкорн, қайта өңделген ет яғни фарш, шұжықтар қатерлі ісік клеткаларын қоздыратын негізгі тағамдар саналады. Тіпті қайта өңделген ет ұйқы безі обырын 67 процентке дейін қоздырады-мыс.

Бақыт Әлібекова, медицина ғылымдарының кандидаты:

– Негізгі қоректі адам тамақтан алады. Егер консервіленген тұрып қалған тамақтар болса, микробтар болады. Одан соң иммунитет төмендейді. Осыдан ісік аурулары пайда болады. Адамның ағзасы әлсіреген сайын қатерлі ісіктің қаупі көбейе береді.

Обырға бір себеп – тек дұрыс тамақтанбау емес. Астың құнарына да айрықша маңызбен қараған жөн. Мамандар айтады. Ас құрамында 70 процент май, 30 процент белок болу қажет. Тамақты қойдың майымен әзірлеген ләзім.

Өсімдік майы ондай пайдалы зат бере бермейді.

Азық-түлік сапасы. Бұл енді өз алдына бір тақырып. «Бизнеске мораторий» деп кәсіпкерлердің шығарып жатқан өнімдеріне де жөнді тексеріс жүргізіле бермейді. Мұны Жолдауында Елбасы да шегелеп тұрып айтқан-ды. Сондықтан келесі жылы тауар қауіпсіздігін және көрсетілетін қызмет сапасын бақылайтын арнайы комитет құрылады.

Бақыт Әлібекова, медицина ғылымдарының кандидаты:

– Тұрыс тамақтану комитетін құру деген ол үлкен мәселе. Керек мәселе. Өйткені қазіргі кезде ол бізде дұрыс жолға қойылмаған. Сондықтан ол комитет болса, сауда саттық жерлерде тексеріс болса, онда халқымыз дұрыс тамақтанған болар еді. Қазір дұрыс зерттелмеген, әлі дұрыс жолға қойылмаған нәрсе.

Арнайы комитет құрылса, ішіп-жемнің сапасы жақсарар деген үміт қой. Уақыттың еншісіне қалдырайық мұны. Тағам сапасы мен қауіпсіздігінің бір ұшы обырдан шықты емес пе?! Осы обыр қазір дендеп барады. Жалпы санды айтсақ, елімізде 180 мыңдай адам қатерлі ісік дертімен тіркеуге алынған. Аты жаман ауруға жыл сайын 35 мың адам шалдығады. Сондықтан елордада онкологиялық орталық салудың өзектілігін сараптай беріңіз.

Мұхтар Төлеутаев, қалалық онкологиялық орталықтың бас дәрігері:

– Елордада ұлттық ғылыми онко орталық болу керек делінді. Бұл өте маңызды. Аса қажет. Оның ішінде заманауи технологиялар болады. Өте маңызды емдер жасалады.

Сонымен, маңызды нысан қашан салынады? Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, жаңа орталықтың құрылысы 2019 жылы басталады. Медициналық мекеме 200 орынға шақталады деген жоспар бар. Жілік майын ауыстыруға мұқтаж адамдар үшін арнайы 70 орын беріледі. Жалпы орталықта жылына 8 мың азамат ем-дом қабылдай алады. Кейін жаңа нысанға Америка, Жапония, Еуропа, Оңтүстік Кореяның қатерлік ісікті емдеудегі озық технология һәм тәжірибесін енгізу көзделген. Сондықтан таяу жылдары ел тұрғындары ауырып ем іздеп шетелге сабылмайды деген үміт бар.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы