366.86 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жолдаудағы міндеттерді орындауға селқостық танытқандар жазаланады

  • 113
  • UPD: 21:50, 12.10.2018

Елбасы Жолдауында жүктелген тапсырмалардың жүзеге асу барысы «Нұр Отанның» жіті назарында, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қызылорда өңірінде болып, аймақта қолға алынған жұмыстармен жеке танысты.

Бүгін аймаққа ат басын бұрған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Жолдау жүктеген міндеттерді жергілікті жұртқа тағы бір түсіндіріп, тапсырма орындалмаған жағдайда қатаң жаза қолданылатынын қадап айтты. Оның ішінде тұрғын үй құрылысы мәселесін шешу де өзекті болып тұр.

Қазірдің өзінде аймақта 27 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Аталған мәселені шешу үшін мың жарым га жерге жаңа аудан салынуда. Мәулен Әшімбаев өңірдегі «7-20-25» бағдарламасының іске асырылу барысымен танысты. Атап айтқанда, облыс орталығында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы құрылыс қарқынын қадағалап, салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерді көрді. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары құрылысшылармен, екінші деңгейлі банк өкілдерімен кездесіп, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезінде туындаған мәселелердің мән-жайын білді. Аймақта «Орда» тұрғын үй құрылысының «Жол картасы» қолға алынып, алғашқы салымсыз-ақ несиеге тұрғын үй сатып алуға жол ашылды.

Абай Ысқақов, Екінші деңгейлі банк өкілі:

– Қызылорда өңірі бойынша біз өтінімдер қабылдап жатырмыз. Қазіргі таңда бізде 18 өтінім қабылданды. Оның бәрі оң шешім қабылдады. 176 миллион теңге несие болып шықты.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев жергілікті партия активімен кездесті. Ол таяу уақытта ең аз мөлшердегі жалақының бір жарым есеге өсіп, білім беру мен денсаулық сақтауға бөлінетін қаражаттың көбейетінін, сондай-ақ еңбек өнімділігі мен ауыл шаруашылық өнімдері экспортының екі жарым есеге артатынына назар аударды. Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, Елбасы ұсынған әлеуметтік іс-шараларды таяу уақытта еліміздің барлық ауыл тұрғындары сезіне бастайды. Осы ретте Президент Жолдауын, бес әлеуметтік бастаманы және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудағы «Нұр Отан» партиясының рөлі, қоғамдық мониторинг ұйымдастыру туралы әңгімелеп берді.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Партия алдағы уақытта Елбасы Жолдауының жүзеге асырылуына қатаң бақылауды қамтамасыз етіп, барлық өңірлерде, облыстарымызда Елбасының берген тапсырмаларының орындалуына қадағалау жасап, осы бағыттағы жұмысты күшейтеміз. Егер де мемлекеттік органдар, әкімдер Елбасы тапсырмаларын уақытылы, тиянақты орындамай жатса, бұл мәселелерді көтеруіміз керек, әрі қарай олардың орындалуына біз үлесімізді қосуымыз керек.

Жолдауда халықты толғандырған бюрократия, жер және құрылыс мәселелерінің қозғалғаны белгілі. Осы себепті Мемлекет басшысы жер қоры және жылжымайтын мүлік нысандарына қатысты бірыңғай ақпараттық электронды форматқа 2019 жылы 80%, ал 2020 жылы 90% көшіруді ұсынды. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болып, «Бизнеске арналған геоақпараттық онлайн қызмет» жобасымен танысты. Орталық «бір өтініш» принципі бойынша жер телімдеріне қатысты ақпараттың барлығын бере алады. Мәулен Әшімбаев: Елбасы жария еткен идеялар мен қағидалардың қалай жүзеге асып жатқанына тиімді қоғамдық мониторинг жүргізуге тиіспіз. Бұл «Нұр Отанның» алдағы уақыттағы негізгі басымдығы болатынын атап айтты.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қызылорда облысына жасаған сапарында міне осындай өзекті мәселелер қамтылды. Ал алға қойылған мақсаттардың орындалу барысы енді біздің де басты назарда болмақ.

Хабар 24 телеарнасы