360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысына іргелес үш ауданда бірнеше көпқабатты үй бой көтереді

  • 106
Маңғыстау облысына іргелес үш ауданда бірнеше көпқабатты үй бой көтереді

Маңғыстау облысының әкімдігі «Баспана» ипотекалық ұйымымен арнайы меморандум бекітпекші, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп «7-20-25» бағдарламасына қатысушылар төлейтін алғашқы жарна мөлшерін субсидияламақ. Жергілікті билік «Жас арман» және «Қамқор баспана» жобалары негізінде 20 процент көлеміндегі алғашқы жарнаның 10 процентін субсидиялауды көздеп отыр. Қазір Ақтаудағы екінші деңгейлі банктерге жиын саны 286 өтініш түскен. Соның 181-і мақұлданды. Тұрғындарға берілген несие көлемі 1,5 млрд теңгеден асады. Жалпы аймақта қазір тұрғын үй құрылысы қарқынды. Көп ұзамай облыс орталығына іргелес үш ауданда бірнеше көпқабатты үй бой көтереді. Демек келешекте «7-20-25» бағдарламасына аудан, ауыл тұрғындары да қатыса алады.

Нұртас Машанов, ҚР Ұлттық банкі өңірлік филиалының бөлім басшысы:

– «Баспана» ипотекалық ұйымы мен аймақ әкімдігі арасында меморандум жасақтауға дайындық жуық арада жүреді деп жоспарланған. «7-20-25» бағдарламасына кіретін екі жоба бойынша алғашқы жарна бөлігін субсидиялау басты назарға алынады. Мемлекеттік бағдарламаға жасы 21-ден асқан кез келген азамат қатыса алады. Басты талап, ол адамның атында жылжымайтын мүлік болмауы және тұрақты табысы болуы керек.

Ақылбек Нұрбосын, қала тұрғыны:

– Жолдауда айтылған Елбасы сөзі көңілімнен шықты. Бұл бағдарламаның алғашқы жарнасын азайтып немесе субсидия бергені өте жақсы. Баспанаға қол жеткізу оңай шаруа емес. Алғашқы жарнасының өзі де біраз ақша. Біз секілді жас отбасылар, баспана алғысы келетін адамдардың жағдайын жасап, жақсартып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы