366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Орталық - Шығыс тасжолының Ақмола облысына тиесілі бөлігі қолданысқа берілмек

  • 124
  • UPD: 21:51, 12.10.2018

Халық үшін баспана ғана емес, жол сапасы да маңызды. Ойдым-ойдым жолдардың мәселесі біржола шешілмесе де, салада қолға алынған шаруа ауқымды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдағы қараша айында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан Орталық - Шығыс автобанның Ақмола облысына тиесілі бөлігі қолданысқа беріледі.

Енді 4-5 жылдан бері жол азабын тартқан жұрт елордаға тақтайдай тегіс трассамен жететін болады.

Астана - Павлодар - Өскемен арасын жалғайтын күре жолдың жалпы ұзындығы – 905 шақырым. Жобаны жүзеге асырудың әлқиссасы 2010 жылы басталып, бүгінге дейін созылып келеді. Мамандар келер жылы Орталық - Шығыс жобасының құрылысын толық аяқтап, халық игілігіне береміз деп отыр. Қазірдің өзінде жалпы ұзындығы 404 шақырым жол пайдалануға берілген. Қалған 501 шақырымда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.

Нұралы Тойымбетов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Павлодар облысындағы бөлімінің директоры:

– 2019 толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал биыл барлық аумақта жолдың негізі салынып, жолаушылардың жаңа трассамен қатынауына мүмкіндік беріледі. Әзірге кей жерлерде бір жолақпен жүруге тура келеді. Жолды көтеру нығыздау сынды негізгі қиын жұмыстар биыл аяқталады. Келер жылға қалған құрылыс жұмыстары мен жол белгілерін орнату, қоршау сынды шаруалар қалады. 

Жолдың бойында қызмет көрсету бекеттері де қарастырылған. Қазір олардың үшеуінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуге дайын. Мұнда қыстың күні аяз кезінде көлігі қатып қалған кісілер көлігін жылытып алуға немесе көлігі сынған жағдайда жөндетуге мүмкіндігі бар. Ал жүргізушілер тынығып демала алады. Мұнда 17 бөлме 34 кісіге арналған. Ал төтенше жағдай кезінде 200 кісіге дейін тыныға алады. Жолда қалған кісілерге қызмет тегін көрсетіледі.

Енді Ақмола облысының аумағына тоқталайық. Қараша айында Орталық-Шығыс дәлізінің осы өңірге тиесілі бөлігі толық аяқталады. Жалпы ұзындығы – 189 шақырым. Бүгінге дейін 139 шақырымы пайдалануға берілді. Енді қалған 50 шақырым жерде жұмыс қызып жатыр.

Жобаны жүзеге асыру үшін 57 бірлік техника мен 380 адам жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ 2 бетон зауыты, бір қоспа дайындайтын техника, бір асфальт-бетон зауыт жұмылды. Қажетті құрылыс материалдарын жеткізуде еншқандай кедергі жоқ. Жол тәулігіне 10 мың автокөлікті өткізуге қауқарлы.

Күре жол техникалық жағынан 1 және 2-санатты талапқа сай. Басым бөлігі бетоннан төселген. Ал көлік жиі қатынайтын тұстарға асфальт жабынды қолданылыпты.

Әуелі жол төселетін аумақ белгіленіп, жердің беткі қабаты сүріліп, тегістелген. Кейін жол бойын биіктету үшін 1 метр топырақ төселіп тапталады. 25 сантиметр күл, цемент және басқа да арнайы қоспалар төселеді. 18 сантиметр қиыршық тас пен құм қоспасы тасталып, тапталады. Сосын 10 сантиметр қалыңдықта ірі қиыршық тасты асфальт төселеді. Ең соңында 5 сантиметр қалыңдықта қиыршық тас пен мастикалық асфальт бетон жабылады. Осылайша тақтайдай тегіс жол пайда болады.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қолға алынған Орталық - Шығыс жобасының жалпы құны – 391 миллиард теңге. Ол толықтай пайдалануға берілгеннен кейін ақылы жүйеге қосу да жоспарда бар.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы