360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да тасқын су басу қаупі жоғары 170-ке жуық орын анықталды

  • 123
  • UPD: 23:45, 12.10.2018

Шығыс Қазақстанда тасқын су басу қаупі жоғары саналатын 170-ке жуық орын анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың арасында өзендер мен гидроқұрылғылар бар. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.  

Осы көктемдегі тасқыннан сабақ алған жергілікті билік өкілдері табиғаттың тосын мінезіне тосқауыл қоюға әзірден қамданып жатыр. Қазір өңірдегі ірі бөгеттерді биіктету жұмыстары қолға алынды.

Биылғы көктемді өткеру шығысқазақстандықтар үшін оңайға соқпағаны белгілі. 3 мың  тұрғынның үйіне су кірді. Елді мекендер ендігі ес жиып алғанмен, аймақтағы су құрылғыларының кетеуі кетіп тұр. Веселовка ауылындағы мына бір бөгеттің салынғанына жарты ғасыр болыпты. Тозығы жеткен плотина осы көктемде ағын судың қарқынына төтеп бере алмаған. Биыл аталған құрылғы толықтай жөндеуден өтті, сондықтан ауылдықтардың аз да болсын көңілі тыныш.

Ғабит Кісембаев, Веселовка ауылдық округінің әкімі:

– Жұмыстар атқарылды. Енді қауіп келмейді деп ойлаймын.

Веселовкадағы бөгетті бекіту жұмыстары сәтті аяқталды. Десек те, әлі облыстың 5 ауданында осындай жұмыстар жүргізілуі тиіс.

Константин Боровиков, облыстық ТЖД бөлім басшысының м.а:

– Тасқын қаупі бар аумақтарды анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Комиссия жұмысының нәтижесінде 169 тасқын су басу қаупі жоғары орындар анықталды, олардың арасында бірнеше гидроқұрылғылар да бар.

Алдағы екі жылда Шығыс қазақстанда 60 су нысандары жөнделетін болады, олардың 45-ін қыстың басына дейін қалыпқа келтіру жоспарланған.

Александр Лукин, «Шығыс су қоймалары КМК директоры:

– Бізде Глубочанка, Алтай елді мекендеріндегі өзен бекеттерінің жағдайы сын көтермей тұр. Өңірдегі 45 су қоймасын жөндеу үшін 186 миллион теңге қаражат бөлінді, ал 4 су қоймасына техникалық зерттеу жүргізуі үшін тағы 30 миллион теңгеден астам қаражат бөлінбек.

Осылайша келер жылдың көктеміне өлкедегі жауапты сала мамандары барынша қамдануда. Жалпы гидроқұрылғылардың беріктігін сынау мақсатындағы шаруаларға биыл аймақ қазынасынан 210 миллион теңге қарастырылмақ.

Авторлары: Э.Ахметова. Д.Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы