366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылордада тігілген ерлер жейдесіне Ресей тапсырыс берді

  • 89
  • UPD: 10:38, 13.10.2018

Бизнестің тынысын ашуға салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда өсім мен айыппұлды алып тастау идеясы ықпал етеді.

Президент айтқан салық амнистиясы шағын және орта бизнес өкілдеріне үлкен қолдау болмақ. Себебі бүгінде кәсібі жүрмей, мемлекет алдында берешегі өскен бизнесмендер бар екені жасырын емес.

Сендердің үстеріңдегі шетелдік киімдерді шешетін болса, жалаңаш қаласыңдар! Осылай деген Мемлекет басшысының сөзімен келіспеске болмайды. Шындығында біз кімнің киімін киіп, кімдердің қалтасын қампайтып жүрміз? Қазақстандықтар байып кеткеннен бренд тауарларды тұтына ма? Әлде біздің жеңіл өнеркәсіп соншалықты кенжелеп қалған ба?

Ділмұхамед бірнеше жыл бойы шетелден тауар әкеліп сатып жүрді. Кәдімгі саудагер. Пайдасы мол. Бірақ біреудің тауарын өткізіп, күні соларға қараған соң мұндай өнімдерді өз елімізде шығаруға бел байлайды. Екі жыл бұрын Қызылорда қаласында ерлер жейдесін шығаратын компания ашты.

Ділмұхамед Әбізов, компания басшысы:

- Тұтынушыларға ұсынып, «Қазақстан» деген кезде сескеніп қарайды. Оларды да түсінуге болады. Себебі Совет Одағы ыдырағаннан кейін мекемелер жабылды. Соған байланысты сенімсіздік пайда болды. Бірақ 2-3 жыл болды, Елбасының өзі жарнамалап жүр. Ол да тұтынушылар үшін жақсы жарнама болды.

Қазақстандық өнім нарықта шамамен 10 мың теңге көлемінде саудаланады. Сұраныс та жоқ емес. Соңғы уақытта Ресейдің Астрахань өңірінен тапсырыс беретіндер көбейген. Олар көтерме бағамен алып өз елдерінде сатады. Кәсіпкердің айтуынша, елімізде шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау бар. Бірақ, кез-келген компанияның басынан қиындық өтетінін айтты. Өзі де бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар бойынша бірнеше рет жәрдем алған. Сондықтан Президент айтқан салық рақымшылығы тығырыққа тірелген кәсіп иелеріне үлкен қолдау болмақ. 

Ділмұхамед Әбізов, компания басшысы:

- Көп мекемелердің жағдайы қиындап кетті. Сондықтан бұл Елбасының тарапынан үлкен көмек және жеңілдік. Бұл екінші дем. Екінші рет жан беру мекемеге.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сүйенсек, қазір 155 млрд теңге қарыз жиналған. Берешек 60 мыңнан астам кәсіпкердің мойнында. Егер олар негізгі қарызын төлесе, айыппұл мен өсімақыны мемлекет өз мойнына алады.

Ксения Загал, Ғылыми-экономикалық сараптама және зерттеу орталығы директорының орынбасары:

- Бүгінге дейін жиналған берешектің 80 млрд теңгеден астамы негізгі қарыз. Ал, қалған 75 млрд өсімпұл. Сондықтан келер жылдан бастап рақымшылыққа ілінгісі келетін кәсіпкерлер алдымен негізгі қарызды өтеуі тиіс. Содан кейін барып мемлекет қалған қарызды кешіреді. Себебі кез келген бизнесмен салық төлеуге міндетті.

Ал бұған дейін елде мұндай шара алғаш рет 2001 жылы қолға алынды. Кейін  2006, 2014 жылдары қайта жүргізілді. Нәтижесінде бірінші амнистия кезінде 480 миллион доллар, ал екінші рет 472 миллион доллар заңдастырылған.  Демек, келер жылы жүзеге асырылатын салық рақымшылығы қарызға батқан кәсіпкерлерді бір серпілтіп тастамақ.

Хабар 24 телеарнасы